Өз кезегінде ТМД ПАА делегациясының басшысы Дмитрий Кобицкий кездесуді ұйымдастырғаны үшін алғысын білдіріп, қазіргі уақытта Ассамблеяның байқаушылар тобын қалыптастыру жалғасып жатқанын атап өтті. Топқа кемінде 50 адам, оның ішінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер парламенттерінің депутаттары, ТМД ПАА кеңесі хатшылығының қызметкерлері және сайлау үдерісі саласында кәсіби білімі бар сарапшылар кіреді деп жоспарланып отыр.
Ол сондай-ақ ТМД ПАА байқаушылар тобының үйлестірушісі болып Армения Республикасы Ұлттық Жиналысының Өңірлік мәселелер және еуразиялық интеграция мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы төрағасының орынбасары, Армения-Қазақстан парламенттік достық тобының жетекшісі Вагаршак Акобян тағайындалғанын хабарлады.
Делегация басшысы Ассамблеядан халықаралық байқаушылар тобы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық пен өткізу мониторингін саяси бейтараптық, алаламаушылық, ашықтық және сайлау үдерісіне араласпау қағидаттарына сүйене отырып, жүзеге асыратынына сендірді.
Сондай-ақ ТМД ПАА өкілдері бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау науқанын жария ету мониторингі, сайлауды қаржыландыру, электоралдық оқыту және сайлау науқанына қатысушылардың тең құқығын қамтамасыз ету мәселелерімен танысты.
Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қойылған барлық сұрақтарға жан-жақты жауап берді. Жиын соңында Нұрлан Әбдіров делегацияға Қазақстандағы сайлауды халықаралық байқауға тұрақты қатысатыны үшін алғыс айтып, ТМД ПАА байқаушылар тобының толыққанды және тиімді жұмысы үшін барлық қажетті жағдай жасалатынын атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, бүгінгі таңда 11 мемлекеттен және 3 халықаралық ұйымнан 97 халықаралық байқаушы аккредиттелген.