Мәден Есхат
UIB халықаралық қатынастар мамандығының магистранты,
қоғамдық саяси ғылымдар Академиясы (ҚСҒА) жанындағы
Жас сарапшылар платформасының қатысушысы
Көптен күткен парламент депутаттарының сайлауы да өз мәресіне жетті. 19-наурызда өткен бұл сайлаудың нәтижесі қоғам арасында үлкен талқыға түсті. Біреулер сайлауды әділ өтті десе, біреулер сайлауды “Жаңа Қазақстанның” емес, “ескі Қазақстанның" әдісімен өтті деп жариялады. Қалай дегенмен, бұл сайлау “заңдық” мәртебесіне ие болды. Ендігі мәселе осы жолғы VIII-шақырылым депутаттарының қалай жұмыс жасауында болып тұр.Ел үшін маңыздысы ендігі кезекте бұл биліктің қандай бағытқа қарай қадам басатындығы. Демократиялық принциптерді негіз етуді қолға алып, елдің дамуына жағдай жасаса деген тілек бар.
Қазіргі заманда болып жатқан күрдегі геосаясаттың одан сайын күрделенген кезінде Қазақстан үшін демократияға жететін ең қауіпсіз, ең тиімді жол - эволюциялық даңғыл жол екені айдан анық. Ал осы жолғы парламенттік сайлаудың нәтижесі сол эволюциялық өзгерістер алып келе алатын адамдардың Мәжіліске өткендігімен ерекшеленді.
Аманат партиясының атынан Мәжіліске барған Ринат Зайытов, Асхат Аймағанбетов, Мақсат Толықбай, Нартай Аралбайұлы сынды ел білетін танымал адамдардың Парламентте халықтың мүддесін қорғайтындығына ел сенеді және осындай азаматтарға үміт артады.
Ал мәжіліс депутаты атана салып, депутатқа тиесілі жалақыдан бас тартқан Республика партиясының мүшелері АҚШ-тың бұрынғы президенті Трамп үкіметін еске салады. Республика мүшелерінің бұл мәлімдемесі популизм бе, әлде ел бюджетіне жанашырлық па, болашақта көре жатармыз. Дегенмен құрылғаны кеше ғана болса да, сайлауда 3-ші орын алған бұл партияның потенциялы да, қолдаушылары да көп екендігі байқалды.
Қалай дегенмен, бұл жолғы сайлауда жаңашылдық белгілері басым. Ел сенетін азаматтардың біразы өтті. Мұндай өзгерісті бұрынғы билік кезінде көргенді қойып, елестету қиын еді. Осындай азаматтардың Парламент төрінен орын алуы халық үшін пайда әкелетініне кәміл сенеміз. Ең бастысы, бұл жолғы мәжіліс депутаттарын сайлауда халық ұтылмады.
Дереккөз: "NIKA group" перспективалық зерттеу орталығы