Шынар Бақытжан,
Философия, саясаттану және дінтану
институтының ғылыми қызметкері,
қоғамдық саяси ғылымдар Академиясы (ҚСҒА) жанындағы Жас сарапшылар платформасының қатысушысы
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің жаңа құрамы алдында сөйлеген сөзі – соңғы бір жылда жүзеге асқан сайлау циклының қорытындысы іспеттес. Мемлекет басшысының айтуынша, саяси реформалар арқылы жүйе қайта жүктеліп, модернизация ары қарай жалғасын таппақ. Өз сөзінде Президент әлемдегі саяси-экономикалық өзгерістерді ескере отырып, мемлекеттің даму стратегиясын қайта қарастыруды ұсынды.
Ал сол жаһандық үрдістердің куәсі, әлемде қалыптасып жатқан жаңа трендтердің басы-қасында жүрген - талантты жастар.
Мемлекеттік жоспарлау жүйесін қалыптастырарда билік халықтың ең белсенді тобы - жастар екенін ескеруі керек.
Мемлекеттік жастар саясатының дәстүрлі әлеуметтік саясаттан басты айырмашылығы – жастардың еңбек және шығармашылық потенциалын анықтап беретін белсенді инновациялық және жасампаздылық аспектілерінің болуы. Күрделі жаһандық өзгерістер жастардың әлеуметтену процестеріне, жалпы өмірінің барлық салаларына әсер етті. Сол себепті қазақстандық жастардың проблемаларын шешу жолы мен мазмұны да қайта қарастыруды талап етеді.
Өскелең ұрпақтың адамгершілік және рухани дамуынсыз, жас қазақстандықтардың бойында ұлтжандылық, кәсібилік, жауапкершілік сияқты қасиеттерді қалыптастырусыз, жастардың өткен ұрпақтардың әлеуметтік-мәдени тәжірибесі мен әлемдік өркениеттің жетістіктерін игерусіз, әлеуметтік экономикаға бағыт алған демократиялық қоғам құру мүмкін емес. Осы мақсаттарды іске асыру барысында жастарды мемлекеттік саясат саласына тікелей тарту маңызды.
Ол үшін жастар саясатының нормативтік құқықтық базасында жекеленген белсенді жастардың, жастар ұйымдарының мемлекеттік билік органдарында, әсіресе аймақтық және жергілікті билік деңгейінде өз мүдделерін білдіру, оларды жүзеге асыру тетіктері нақты анықталуы қажет. Жалпы айтқанда, жастардың проблемаларын өз бетінше шешуі үшін жағдайлар жасалса, азаматтық қоғам қалыптастыруда жастарды белсенділікке ынталандыру мүмкін болар еді.
Қ. Тоқаевтың іске асырылып жатқан саяси реформалары халық тарапынан туындаған саяси өзгерістерге деген сұранысына жауап іспеттес. Жаңа депутаттар корпусы аталмыш реформалардың тірегі болған «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатына сай боларын енді уақыт көрсетпек.
Дереккөз: "NIKA group" перспективалық зерттеу орталығы