Әзербайжан президенті Қазақстанға ресми сапармен келді

Қазақстан мен Әзербайжан президенттері келіссөздер жүргізді.


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға ресми сапармен келген Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесу өткізді.

Келіссөздер алдында «Ақорда» резиденциясында ресми қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұрандары шырқалды. Содан кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев шағын құрамдағы кездесуден кейін екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен келіссөзді кеңейтілген құрамда жалғастырды.

Тараптар саяси, сауда-экономикалық, көлік-транзиттік, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше назар аудара отырып, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың негізгі мәселелерін жан-жақты талқылады.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін Әзербайжан Президентінің бұл сапарының маңызы зор екенін айтты.

– Әзербайжан – бізге маңызды және сенімді серіктес қана емес, бауырлас әрі жақын мемлекет. Ғасырлар бойы қалыптасқан достық пен өзара қолдаудың мызғымас байланыстарына сүйене отырып, біз бүгінде шынайы стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында дамып келе жатқан тиімді мемлекетаралық ынтымақтастықты жолға қойдық. Елдеріміз арасында қарқынды және сенімді саяси диалог орнады. Үкімет деңгейінде үйлесімді жұмыстар атқарылып, көпжақты платформалар аясында сындарлы өзара іс-әрекет жүргізіліп келеді, – деді Президент.


Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасында ауқымды шарттық-құқықтық база қалыптасқанына тоқталды.

– Біз былтыр Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық ынтымақтастықты тереңдету туралы декларацияға, сондай-ақ Ынтымақтастықты дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді бағдарламасына қол қойдық. Бүгін тағы бірқатар маңызды құжат қабылданады. Сонымен қатар Сіздің бүгінгі сапарыңыз аясында ынтымақтастығымыздың саяси тұғырнамасына тың серпін беретін Жоғары мемлекетаралық кеңес құрамыз. Бұл екіжақты қатынастарға тың серпін беретіні сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.


Президенттер екі елдің сауда-экономика саласындағы қарым-қатынастарының айтарлықтай ілгерілеп келе жатқанына көңілдері толатынын мәлімдеді. Былтыр екіжақты тауар айналымы 40 пайызға артып, жарты миллиард долларға жетті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Әзербайжанның экономикалық әлеуетін толыққанды пайдалана отырып, бұл көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізуге мүмкіндік бар деп санайды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазақ-әзербайжан қатынасын нығайтуда мәдениет саласындағы ынтымақтастық ерекше рөл атқаратынына назар аударды.

– Екі елдің мәдени онкүндігін өткізу туралы уағдаластықты ерекше атап өткім келеді. Биыл Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндері өтеді. Бүгін біз құрметті Әзербайжан Президентімен бірге көрнекті мемлекет қайраткері Гейдар Әлиев атындағы көшені ашамыз. Бұл игі шара әзербайжан халқының біртуар перзентінің жүз жылдығына орай өткізіліп отыр.


Елдеріміздің шынайы достығы мен өзара қолдауының тағы бір айқын дәлелі – қазақ халқының Әзербайжанға тартуы Физули қаласындағы Құрманғазы атындағы балалар шығармашылық орталығы. Бұл нысанның құрылысы қарқынды жүріп жатқаны жөнінде маған мәлімдеді. Осы маңызды нысанның іске қосылуын жуық арада көре аламыз деп ойлаймын. Біз гуманитарлық байланыстарды жан-жақты дамытып, ортақ рухани және мәдени құндылықтарды байытуға ниеттіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Өз кезегінде Ильхам Әлиев Астанаға шақырғаны және қазақ халқының дәстүрлі қонақжайлығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тағы да алғыс айтты.

– Ең алдымен, Қазақстанға ресми сапармен шақырғаныңыз үшін тағы да алғыс айтамын. Бауырлас қазақ жеріне келгеніме қуаныштымын. Біздің қарым-қатынасымыз нығайып келеді. Халықтарымыздың арасындағы байланыстың тарихы терең әрі біз әрдайым бір-бірімізге бауыр ретінде қараймыз. Бүгін осы берік іргетастың негізінде келешегімізді бірге құрып жатырмыз. Біз бұған дейін талқылаған ынтымақтастықтың барлық саласының әлеуеті мол. Гуманитарлық саладағы ынтымақтастықтың айрықша маңызды екенін айта кеткім келеді. Қазақстанның Әзербайжандағы, сондай-ақ Әзербайжанның Қазақстандағы мәдениет күндерінің ұйымдастырылуы елдерімізді одан әрі жақындата түсіп, халықтарымыздың терең тарихы мен бай мәдениетін паш етеді. Біздің ойымызша, мемлекетаралық қарым-қатынасымыздың негізі – осы гуманитарлық сала. Әрине, екі тараптың да мүддесіне сай салалар аз емес. Біз, шын мәнінде, өзара ынтымақтастық пен одақтастықтың жаңа деңгейіне көтеріліп жатырмыз, – деді Әзербайжан Президенті.


Ильхам Әлиев бүгін екіжақты қарым-қатынастар бойынша ауқымды мәселелер көтерілгенін және халықаралық мәселелер жөнінде жан-жақты келіссөздер жүргізілгенін айтты.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Бірлескен мәлімдемеге және Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының Жоғары мемлекетаралық кеңесін құру туралы Хаттамаға қол қойды.

Әзербайжан Президентінің Астанаға ресми сапары аясында мынадай құжаттарға қол қойылды:

1. Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Әзербайжан Республикасының Жастар және спорт министрлігі арасындағы Өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;

2. Қазақстан Республикасының «Отандастар қоры» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен Әзербайжан Республикасының Диаспорамен жұмыс жөніндегі мемлекеттік комитеті арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум;

3. Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы мен Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясы арасындағы Ғылыми ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

4. «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы мен Әзербайжан мемлекеттік ақпарат агенттігі (АЗЕРТАДЖ) арасындағы Ынтымақтастық және өзара түсіністік туралы меморандум;

5. «Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Әзербайжан Республикасының Шағын және орта бизнесті дамыту агенттігі арасындағы Өзара түсіністік туралы меморандум;

6. Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты мен Баку халықаралық мультимәдениеттілік орталығы арасындағы Ғылыми және мәдени ынтымақтастық туралы меморандум.

Қазақстан мен Әзербайжан президенттері «Астана» халықаралық қаржы орталығына барды.


Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Әзербайжан Президентінің ресми сапары аясында «Астана» халықаралық қаржы орталығын аралап көрді.

Мемлекеттер басшылары АХҚО-дағы Халықаралық соттың жұмысымен танысты. «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының тіркеушісі және аппарат жетекшісі Кристофер Кэмпбелл-Холт Орталық Азиядағы ағылшын құқығы нормалары мен қағидаттарына негізделген ең алғашқы сот жүйесі туралы баяндады. Ол соттың АХҚО-дағы азаматтық және коммерциялық дауларды шешу үшін ең үздік халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтінін жеткізді.


Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев Орталықтың Қаржылық қызмет көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінің, бизнесті дамыту жөніндегі тобының, «АХҚО-дағы венчурлық қаржыландыру және технологиялық инновацияларды дамыту туралы» Тех Хабының жұмысымен танысты.

Сонымен қатар екі ел президенттеріне Экспат орталығының «АХҚО-да тіркелген компанияларды «бір терезе» қағидаты бойынша қолдау қызметі» туралы мәлімет берілді. «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров мемлекеттер басшыларына АХҚО-ның жұмысы туралы баяндады.
Іс-шара соңында Әзербайжан Президенті «Астана» халықаралық қаржы орталығының Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды.

Қазақстан және Әзербайжан президенттері Гейдар Әлиев атындағы көшенің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты


Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Астананың орталығындағы Гейдар Әлиев атындағы көшені салтанатты түрде ашты.


Мемлекет басшысы былтыр Әзербайжанға ресми сапары барысында Ильхам Әлиевпен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту жөнінде келісімге келгенін еске салып, бұл, ең алдымен, екі елдің достық қарым-қатынасын бекемдей түсу үшін өте маңызды қадам екенін айтты.


– Гейдар Әлиев секілді әлемдік деңгейдегі тұлғаның атын ұлықтау – біздің парызымыз. Астанада оның есімімен аталған жаңа көшенің ашылуы – біздің осы игі іске қосқан маңызды үлесіміз. Әзербайжан халқының ұлы перзентіне деген зор ілтипатымыз әрі шынайы құрметіміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Президент өз сөзінде Гейдар Әлиевтің күрделі кезеңде ел билігін қолға алып, Әзербайжанның мемлекеттілігін нығайтуда зор рөл атқарғанын атап өтті.


– «Гейдар» есімі «алдыңғы шепте жүруші» деген мағына береді. Мұның символдық мәні бар. Оны қазіргі қарқынды даму жолына түскен Әзербайжанның архитекторы десек, артық айтқандық емес. Оның салиқалы басшылығымен Әзербайжанда елеулі саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер жасалды. Ел қиын кезеңдерді еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсті. Әлемдік қоғамдастықтың беделді мүшесі болды. Шын мәнінде, Гейдар Әлиев есімі Әзербайжанның нағыз брендіне айналды. Оның өмір жолы – ұлтқа адал қызмет етудің жарқын үлгісі, – деді Мемлекет басшысы.


Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Гейдар Әлиевтің Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға өлшеусіз үлес қосқанына тоқталды. Сондай-ақ оның қазақтар туралы жылы пікір білдіріп қана қоймай, түп-тамырымыз бен тарихи мұрамыз ортақ екенін үнемі айтып отыратынын еске алды.


Сонымен қатар Мемлекет басшысы бүгінгі Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас берік әрі үйлесімді, стратегиялық серіктестік пен одақтастық рухында дамып келе жатқанына назар аударды.


Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевтің бірлескен мәлімдемесі.


Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстан Республикасына ресми сапармен келді.


Достық және сенім аясында өткен келіссөздер барысында мемлекет басшылары стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың жай-күйі мен оны нығайту, барлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективасын талқылады, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.


Мемлекет басшылары 2005 жылғы 24 мамырдағы Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік және одақтастық қатынастар туралы шартқа, сондай-ақ 2022 жылғы 24 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы декларацияға бейілділігін растай отырып, Қазақстан-Әзербайжан қатынастарының оң серпінін қанағаттанушылықпен атап көрсете отырып, мыналар туралы мәлімдейді:


1. Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы (бұдан әрі – Тараптар) арасындағы ортақ тарихқа, тілге, мәдениет пен дәстүрге, тығыз саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарға негізделген қатынастар екі мемлекеттің бауырлас халықтарының түпкілікті мүдделеріне

сай келеді.


Осыған байланысты Тараптар бір-бірінің егемендігін, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын нық қолдау негізінде стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды дамытуды және нығайтуды жалғастырады.


2. Тараптар бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту мәселелерінде тығыз өзара іс-қимыл жасайды және осы мақсатта бір-бірінің бейбіт бастамаларын ілгерілетуге жан-жақты жәрдемдесетін болады. Тараптар Біріккен Ұлттар Ұйымы және оның мамандандырылған мекемелері, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы және өздері мүшелері болып табылатын басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдар шеңберіндегі іс-қимылдарды одан әрі үйлестіріп, бір-біріне қолдау көрсететін болады.


3. Тараптар Түркі мемлекеттері ұйымының әлеуетін, оның халықаралық аренадағы рөлі мен беделін арттыруға, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру бастамасын ілгерілетуге және осы Ұйымға төрағалық ету шеңберінде айтылған Қазақстан Республикасының бастамаларын іске асыруға ықпал ететін болады.


4. Тараптар биологиялық қауіпсіздікке байланысты мәселелер бойынша ақпарат пен тәжірибе алмасатын болады.


5. 2022 жылғы 24 тамыздағы Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы Стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы декларацияның 7-тармағын іске асыру мақсатында екі мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасының жоғары мемлекетаралық кеңесі туралы ережені бекітеді.


6. Тараптар екі мемлекет арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығын айта отырып, өзара сауданың үдемелі өсуін қанағаттанушылықпен атап өтеді.


Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Әзербайжан үкіметаралық комиссиясының, Іскерлік кеңестің отырыстарын өткізу, сауда миссияларымен алмасу практикасының тиімділігімен келісе отырып, Тараптардың үкіметтеріне сауда-экономикалық байланыстарды нығайту және экономиканың түрлі секторларында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруға қолайлы жағдайлар жасау үшін жаңа мүмкіндіктерді зерттеуді тапсырады.


Тараптар екі мемлекеттің экономикалық әлеуетін ашу мақсатында Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы ынтымақтастықты дамытудың 2022–2026 жылдарға арналған кешенді бағдарламасын іске асыруға одан әрі жәрдемдесетін болады.


7. Әзербайжан тарапы Әзербайжан Республикасының босатылған аумақтарын реконструкциялау және қалпына келтіру жөніндегі мақсатты жұмыс шеңберінде Қазақстан тарапы танытқан мүдделілікті құптайды және қазақстандық әріптестер мен инвесторлардың инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысуына жәрдем көрсетуге дайын екендігін білдіреді.


8. Тараптар Каспий теңізін таяздану салдарының серпінін жұмсарту тұрғысынан қорғауға, сондай-ақ биоәртүрлілікті сақтауға бағытталған бірлескен күш-жігерді іске асыру қажеттігін растайды.


9. Тараптар, сондай-ақ өңір елдерінің көлік-транзит саласындағы мәселелерді тиімді шешу бойынша одан арғы өзара іс-қимылы ортақ мүдделерге сай және ұлттық көлік стратегиялары басымдықтарының қатарында екенін растайды. Шығыс-Батыс Транскаспий орта дәлізі (бұдан әрі – «Орта дәліз») мұның маңызды бағыты болып табылады.


Осыған орай Тараптар 2022 жылғы 25 қарашада Ақтауда өткен Транскаспий өзара байланысы жөніндегі министрлік кездесуінде 2022–2027 жылдарға арналған «Осал тұстарды» үйлесімді жою және «Орта дәлізді» дамыту жөніндегі жол картасының қабылдануын жоғары бағалайды. Осы құжатқа сәйкес іс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажет деп санайды.


10. Тараптар «Цифрлық Жібек жолы» (Digital Silk Way) жобасын іске асыруды қолдайды және Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасын Каспий теңізінің түбімен жалғайтын талшықты-оптикалық байланыс желісін бірлесіп салу жөніндегі жұмыстарды тезірек аяқтауға жәрдемдесетін болады.


11. Тараптар цифрлық даму саласындағы ынтымақтастықты кеңейтудің, оның ішінде электрондық құжат айналымы жүйесін және электрондық қолтаңбаларды пайдаланудың маңыздылығын атап өтеді.


12. Тараптар отын-энергетика саласындағы, оның ішінде энергия ресурстарын тасымалдау саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығын атап көрсетеді. Баку – Тбилиси – Джейхан құбыры арқылы қазақстандық мұнайды жеткізудің басталуына қанағаттанушылықтарын білдіреді және Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы қазақстандық мұнайды жеткізу көлемін ұлғайту жөніндегі шарттарды келісу бойынша одан әрі жұмыс жүргізу қажеттілігімен келіседі.


13. Тараптар мәдениет және өнер, білім, ғылым, туризм және спорт салаларындағы байланыстарды дәйекті түрде тереңдетуге, қоғамдық, жастар және білім беру ұйымдары, инновациялық орталықтар, бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланыстарға жәрдемдесу жөнінде уағдаласты.


Тараптар екі халықтың төл мәдениетін дәріптеу мақсатында шығармашылық ұжымдармен алмасу практикасын оң бағалай отырып, 2023 жылы Әзербайжанда Қазақстан мәдениетінің күндерін, сондай-ақ Қазақстанда Әзербайжан мәдениетінің онкүндігін өткізуге дайын екендігін білдіреді.


Тараптар өткізілген келіссөздер мен сапар барысында қол қойылған екіжақты құжаттар Қазақстан Республикасы мен Әзербайжан Республикасы арасындағы достық және одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.


Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына қонақжайлылық көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан басшысын Әзербайжан Республикасына өзіне ыңғайлы уақытта сапармен келуге шақырды.


Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шақыруды ризашылықпен қабылдады. Сапар мерзімі дипломатиялық арналар арқылы келісілетін болады.

Осы Бірлескен мәлімдемеге Астана қаласында 2023 жылғы 10 сәуірде қазақ және әзербайжан тілдерінде қол қойылды.


Қазақстан мен Әзербайжан президенттері БАҚ үшін брифинг өткізді.


Шағын және кеңейтілген құрамда өткен екіжақты келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиев бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.


Мемлекет басшысы өз сөзінде шақыруын қабыл алып, Астанаға ресми сапармен келгені үшін Әзербайжан Президентіне ризашылығын білдірді.


– Бүгінгі сапардың маңызы ерекше. Екі ел арасындағы байланыстар өзара сенімге және қолдауға негізделген. Яғни, екіжақты ықпалдастықты одан әрі нығайтуға мол мүмкіндік бар. Біз бүгін шағын және кеңейтілген құрамда мазмұнды келіссөздер өткіздік. Сауда-экономика, көлік-транзит, энергетика салаларындағы қарым-қатынасты дамыту мәселесін талқыладық. Сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық байланысты тереңдетуге қатысты бірқатар уағдаластыққа қол жеткіздік. Осы сапардың нәтижелері Қазақстан мен Әзербайжанның қарым-қатынасын жаңа деңгейге көтереді деп сенемін, – деді Президент.


Қасым-Жомарт Тоқаев толық форматта өткен келіссөздердің нәтижесін жоғары бағалады. Бұл шаралар екі ел басшыларының екіжақты байланыстарды жан-жақты нығайтуға өзара ниетті екенін тағы да растады. Президенттер ынтымақтастықтың барлық бағыты бойынша пікір алмасып, өңірлік және халықаралық мәселелер жөніндегі ойларын ортаға салды. Сондай-ақ екі елдің өзара қарым-қатынасын одан әрі тереңдетудің перспективалары мен бағыттарын талқылады.


– Ортақ күш-жігеріміздің арқасында Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас соңғы жылдары бұрынғыдан да ашық әрі жан-жақты сипатқа ие болды. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жанданды. Алты айдан астам уақыт бұрын біз Стратегиялық серіктестікті тереңдету және одақтастық қатынастарды кеңейту жөніндегі декларацияға, Ынтымақтастықты дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді бағдарламасына, сондай-ақ басқа да бірқатар құжатқа қол қойдық. Қазір бұл келісімдердің барлығы дәйекті түрде жүзеге асырылып жатыр. Жоғары Мемлекетаралық кеңес құру маңызды шешім болды. Аталған құжат екіжақты қатынастарды кешенді түрде нығайтуға бағытталған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекеттер басшылары өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы жарты миллиардтық межеге жақындағанын ерекше атап өтті. Әйтсе де сауда-экономикалық серіктестіктің әлеуеті әлі де мол. Тараптар экспорттық-импорттық тауарлар номенклатурасын одан әрі кеңейту үшін пәрменді шаралар қабылдауға уағдаласты.


– Елдеріміздің мүдделі құрылымдарының (Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, сауда-экономикалық миссиялар, Іскерлік кеңес, сауда үйлері) үйлесімді қызметі экономикалық ынтымақтастықты мүлде жаңа деңгейге көтереді. Бұл ретте Транскаспий халықаралық көлік бағытының (орта дәліздің) әлеуетін толық пайдаланудың маңызы зор. Бұл жерде логистикалық қызметтерді жетілдіру, бірыңғай көлік операторларын құру, техникалық және тарифтік шарттарды жаңғырту, әкімшілік кедергілерді жою және тұйық логистикалық циклды қалыптастыру туралы сөз болып отыр. Орта дәлізді дамытудың 2022-2027 жылдарға арналған Жол картасын тиімді жүзеге асырудың да маңызы зор. Біз бұл бағытқа қызығушылықтың артқанын толыққанды пайдалана отырып, оның инфрақұрылымын дамытуға үшінші елдерді тарту маңызды деп ұйғардық. Бұл шаралардың барлығы, сондай-ақ халықаралық серіктестерімізбен арадағы тығыз ынтымақтастық «Шығыс-Батыс» бағыты бойынша жүк жеткізудің тұрақтылығы мен жеделдігіне кепілдік беруге ықпал етеді, – деді Президент.


Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөздер барысында энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға баса мән берілді. Әлемдік нарықтарға энергия ресурстарын жеткізу ісін одан әрі әртараптандыру – маңызды міндет.


– Қол жеткізген уағдаластықтарымыздың нәтижесінде биыл Әзербайжан арқылы Қазақстан мұнайының бірінші партиясы жөнелтілді. Келесі қадам –жеткізілетін мұнай көлемін ұлғайту және оны ұзақмерзімді әрі тұрақты жеткізу бағытына айналдыру. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, аталған маңызды бастамаларды жеке қолдағаны үшін Әзербайжан Президенті құрметті Ильхам Гейдар оғлу Әлиевке алғыс айтқым келеді. Біз экономикамыздың жаңа «өсім деңгейі» бола алатын серпінді инвестициялық жобаларды іске асыруға арнайы тоқталдық, – деді Мемлекет басшысы.


Президенттің айтуынша, өнеркәсіп, тоқыма, агроөнеркәсіп және құрылыс салаларында бірлескен ірі кәсіпорындар ашуға болады. Мемлекеттер басшылары екі елдің үкіметтеріне бірлесіп іске қосу үшін ірі жобаларды анықтауды тапсырды.


– Ауыл шаруашылығы саласындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Өткен жылы ауыл шаруашылығы кешені өнімдері бойынша екіжақты сауда-саттық үш есе артып, 146 миллион долларға жетті. Осылайша, қазір жалпы тауар айналымының үштен бір бөлігінен астамы ауыл шаруашылығына тиесілі. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізу ісін одан әрі арттыру маңызды екенін атап өттік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысының айтуынша, ақпараттық технология саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың келешегі зор. Қазіргі уақытта Каспий теңізінің табаны арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Бұл жобаның стратегиялық маңызын ескере отырып, оны уақтылы іске қосу тапсырылды. Сонымен қатар әзербайжандық серіктестерге мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ IT-стартаптар үшін Қазақстан платформаларын пайдалану ұсынылады.


Бұдан бөлек, президенттер мәдени-гуманитарлық саладағы байланыстың мазмұнын байыту үшін жан-жақты ықпал етуге ниетті. Әзербайжанда Қазақстанның мәдениет күндерін өткізу осы жылдың айтулы оқиғасы болмақ. Елімізде Әзербайжанның мәдениет күндерін ұйымдастыру туралы уағдаластық бар. Қазақстанда өткізілетін бірқатар іс-шара Әзербайжанның жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің 100 жылдығына арналады.


Тараптар жастар саясаты, білім беру, медиасфера және контент алмасу салаларындағы ынтымақтастықты дамыту үшін қабылданып жатқан шараларды құптады. Әзербайжанның кабельдік операторлар желілерінде қазақстандық телеарналардың хабарын таратудың, сондай-ақ анимациялық фильмдер дистрибуциясы туралы уағдаластықтарды жүзеге асырудың маңыздылығы атап өтілді.


Сонымен қатар тараптардың халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасқаны туралы айтылды.


– Қазақстан мен Әзербайжан түрлі көпжақты құрылымдар аясында өзара табысты ынтымақтастық орнатқан. Көптеген өзекті халықаралық және өңірлік мәселе бойынша екі елдің ұстанымдары ортақ. Осы ретте Қазақстан Әзербайжан мен Армения арасындағы келіспеушіліктерді дәстүрлі түрде дипломатиялық жолмен реттеуді жақтайтынын, сондай-ақ тараптардың бейбітшілік шартын тезірек жасау жөніндегі күш-жігерін құптайтынын атап өткім келеді. Жалпы, өңірде тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту үшін өзара қолдауды жалғастыру және бірлескен шаралар қабылдау қажеттігі туралы пікірлеріміз ортақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Өз кезегінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев құрмет көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа ризашылығын білдіріп, Қазақстанға жасаған ресми сапарының қорытындысына көңілі толатынын жеткізді.


– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, мен Қазақстанда өз үйімде жүргендей сезінемін және жиі келемін. Қазақстан Президентін қоғамның барлық саласын қамтитын реформаларды сәтті жүзеге асыруымен құттықтағым келеді. Сондай-ақ бауырлас елді дамыту ісінде табыс тілеймін. Біздің өңірде бейбітшіліктің сақталуын көздейтін Қазақстанның ұстанымы зор құрметке лайық. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін, аса маңызды жаһандық мәселелер жөніндегі салмақты ұстанымын ерекше атап өткім келеді. Қазақстан әлемдік қоғамдастықта үлкен құрметке ие. Мен өз тарапымнан Әзербайжанда Сізді құрметтейтін, бағалайтын бауырларыңыз тұрады деп тағы да айтқым келеді. Біз Қазақстанның көрсеткен және көрсетіп келе жатқан тілеулестігі үшін ризашылығымызды білдіреміз. Бауырлас Қазақстан халқына деген туыстық сезімді арттыра беру үшін бәрін жасаймыз, – деді Ильхам Әлиев.


Дереккөз: Ақорда
OUR COMPANY
Bring Your Ideas to Life
Everything that you dreamed of can be brought to life exactly at the moment when you decide to win.