Мәжіліске денсаулық сақтау мәселелері бойынша заң жобасы ұсынылды. Оны Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният таныстырды. Жиынға Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов жетекшілік етті.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген. Ол медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, пациенттердің құқықтарын қорғауға және медициналық көмектің сапасын жақсартуға бағытталған.
А.Ғиният министрлік медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың әртүрлі үлгісіне талдау жүргізгенін айтты.
Денсаулық сақтау министрлігі заң жобасының шеңберінде медицина немесе фармацевтика қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін қылмыстық құқық бұзушылықтарды ізгілендіру және ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабының санкциялық шараларын төмендету жөніндегі нормаларды ұсынды.
«Мысалы, денсаулыққа байқаусызда орташа және ауыр зиян келтіргені үшін айыппұл мөлшері мен қамауға алу мерзімін азайтып, пациенттің денсаулығына ауыр зиян келтірілген немесе қайтыс болған жағдайда «бас бостандығынан айыру» жазасының мерзімдерін қайта қараумен «бас бостандығын шектеуге» ауыстыру», – деді Ажар Ғиният.
Сондай-ақ министр кәсіптік жауапкершілікті сақтандыру жүйесімен 2023 жылы жалпы сомасы 4,6 млрд теңгеге 304 мыңнан астам медицина қызметкерін, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің есебінен 2,7 млрд теңгені және МӘМС есебінен 1,8 млрд теңгені қамту ұсынылып, оны республикалық бюджет комиссиясы қолдағанын айтты.
«2023 жылдан бастап сақтандыруды жұмыс берушінің есебінен жүзеге асыруды ұсынамыз, ал 2025 жылдан бастап сақтандыру сыйлықақысының сомасын медициналық ұйым мен медицина қызметкерлерінің арасында бөлу ұсынылады, бұл ортақ кәсіптік жауапкершілікке әкеледі», – деді А.Ғиният.
Аталған заң жобасы және медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың ұсынылған моделі құқықтық қауіптерді азайтуға, жұмыс істеп тұрған кәсіби кадрлардың кетуін азайтуға, олардың қорғалуын арттыруға, жастарды өз болашағын медицина мамандығымен байланыстыруға ынталандыруға мүмкіндік береді.
Заң жобасын талқылау барысында депутаттар сұрақтарын қойып, ұсыныстарын айтты.
«Сақтандыруды енгізуден медицина қызметкерлері нақты қандай пайда көреді?» – деген сауал қойды депутат Дәулет Мұқаев.
«Біріншіден, әрбір қызметкерді кәсіби сақтандыру, екіншіден, пациенттердің де құқығын қорғау. Сондықтан әр қызметкер өзінің кәсіби функциясын орындау кезінде «мен ертең сотталып кетемін-ау» деп қорықпауы керек. Сонымен қатар заң жобасында тек сақтандыру емес, кәсіби біліктілігін арттыру, қосымша еңбекақы төлеу туралы нормалар қамтылған. Көмек көрсету кезінде медицина қызметкерінің жұмысына араласпау, әлеуметтік қолдау көрсету, марапаттар беру де көзделіп отыр», – деп жауап берді министр.
Заң жобасын талқылау жұмыс тобында жалғасады. Оған Әлеуметтік-даму комитетінің мүшесі Гүлдара Нұрымова жетекшілік етеді.
Мәжілісте Қазақстан мен Еуропарламент арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан бастаған мәжілісмендер Еуропарламент депутаты Карстен Люкты қабылдады. Тараптар парламентаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.
Айгүл Құспан Қазақстан Еуропарламентпен ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән беретінін, өткен жыл еліміз бен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынаста табысты болғанын атап өтті. Сондай-ақ комитет төрайымы Карстен Лукенің сапары Қазақстанның жаңа тарихындағы бетбұрыс кезеңдердің біріне сәйкес келгенін жеткізді.
– Елімізде Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған терең саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың ауқымды бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Республикалық референдум нәтижесінде қабылданған заңдар Президенттің өкілеттіктерін биліктің басқа институттарына қайта бөлуге, биліктің өкілді тармағын реформалауға, сайлау жүйесін жетілдіруге, құқық қорғау институттарын нығайтуға және сайлау процесін жаңғыртуға мүмкіндік берді, - деді Айгүл Құспан.
Сонымен қатар депутаттар жұмысының маңызды бөлігі сыбайлас жемқорлықпен күрес және капиталды қазынаға қайтару, сот жүйесін толық әділеттілік пен тәуелсіздік үшін реформалау екенін де айтты. Мәжілісмендер Айдос Сарым мен Марат Бәшімов әріптестерінің сөзін Мәжілістің алдағы заң шығару қызметі мен Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді жеңілдету қажеттігі туралы пікірлерімен толықтырды.
Еуропарламент депутаты Карстен Луке Мәжіліс депутаттарына саяси реформалар, білім және ғылым, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат жөнінде бірқатар сұрақ қойды.
- Мен үшін кеңседе отырып, құжаттармен ғана жұмыс істеуден гөрі серіктестермен жеке сөйлесу әлдеқайда маңызды. Сондықтан ашықтықтарыңыз үшін рахмет айтамын. Мұндай қарым-қатынас тараптардың бір-бірін көбірек түсінуіне мүмкіндік береді. Жақында тағы жүздесеміз деген үміттеміз. Еуропарламенттің халықаралық істер жөніндегі комитетінің делегациясы тамыз айында Қазақстанға келеді, - деді Карстен Луке.
Кездесу қорытындысы бойынша олар парламентаралық ынтымақтастықты нығайту, достық топтар арасындағы өзара іс-қимылды дамыту, жиірек іс-сапарлармен алмасуға келісті.
Айта кетейік, биыл Қазақстан мен Еуроодақ дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толуын атап өтуде. Осыған орай келесі аптада еліміз Еуропарламентте арнайы көрме өткізеді.
Дереккөз: ҚР Мәжілісі