Нұрлан Әбдіров ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі миссиясының басшысымен кездесті.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына байқау жүргізу мақсатында Қазақстанға келген халықаралық байқаушылар миссияларымен – Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясының (ТүркПА) Бас хатшысы, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының депутаты Реджеп Шекер бастаған ТүркПА делегациясымен, Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) Бас хатшысының орынбасары Сади Джафаров бастаған ТМҰ миссиясымен, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) Бас хатшысының орынбасары Григорий Логвинов бастаған ШЫҰ миссиясымен кездесті.
Кездесу барысында Қ. Тумыш халықаралық байқаушыларға Қазақстанның сайлау заңнамасындағы жаңашылдықтар мен өзгерістер туралы мағлұмат берді. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарының өткен сайлауы еліміз үшін маңызды оқиға және бұл сайлаудың ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Әділетті Қазақстан құру мақсатында жүргізіліп жатқан ауқымды конституциялық реформалардың қорытынды кезеңі екенін ерекше атап өтті.
Өз кезегінде ТүркПА байқаушылар миссиясының жетекшісі Р. Шекер сайлау учаскелері ашылған сәттен бастап дауыстарды санауға дейінгі барлық кезеңдеріне қатыстықандарын айтты. Р. Шекер ТүркПА миссиясының сайлау үдерісіне дайындық деңгейі мен сайлауға қатысты жоғары баға беріп, сайлауды ұйымдастыру бойынша атқарылған жұмыстарды оң бағалайтынын атап өтті. ТүркПА миссиясының басшысы сайлаудың ашық және әділдік қағидатына сәйкес өткенін мәлімдеді.
ТМҰ Бас хатшысының орынбасары С. Джафаров Қазақстан Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттар депутаттарының сайлауында миссия әкімшілік сипаттағы бұзушылықтардың болмағанын, заңнамаға сәйкес халықаралық және ұлттық байқаушыларға, мүмкіндігі шектеулі жандардың дауыс беруіне, үйде дауыс беруге барлық жағдай жасалғанын, заңнамаға сәйкес баспасөзде сайлау науқаны туралы кеңінен ақпарат тарату қамтамасыз етілгенін атап өтті.
С. Джафаровтың айтуынша, осыны ескере отырып, ТМҰ байқаушылар миссиясы Қазақстандағы сайлаудың ашық, бәсекеге қабілетті және ҚР ұлттық заңнамасы мен халықаралық стандарттарға сәйкес өткенін мәлімдеді. Сұхбаттың соңында ол Қазақстанды сайлаудың сәтті өтуімен құттықтап, сайлау нәтижелері елдің дамуы мен өркендеуіне одан әрі ықпал ететініне сенім білдірді.
Кездесу барысында ШЫҰ байқаушылар миссиясының басшысы Г. Логвинов сайлауды бақылауды жүзеге асыру ұйым қызметінде маңызды тәжірибеге айналғанын атап өтті. Миссияның байқау процесіне қатысуы Қазақстанның сайлау науқанының ашықтығын қамтамасыз етуге ұмтылысы ретінде бағаланады. Миссия 40-тан астам сайлау учаскелеріне барды.
ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Қазақстан халқын сайлаудың сәтті өтуімен құттықтап, оның ұлттық сайлау заңнамасының талаптарына және ел қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес келетіндігін атап өтті. Сондай-ақ, әңгімелесушілер ШЫҰ-ның одан әрі дамуы мен келешегі мәселелерін талқылады және ұйымды жетілдіру және ағымдағы жылдың шілдесінен бастап Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалық етуі тұрғысынан өзара қолдау туралы уағдаласты.
Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев Армения Вице-премьері Мгер Григорянмен кездесу өткізіп, оның барысында түрлі салалардағы қазақ-армян екіжақты және көпжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.
Армян тарапы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар бағдарламасымен, сондай-ақ 2023 жылғы 19 наурызда өткен Қазақстандағы парламенттік сайлаудың алдын ала қорытындылары туралы егжей-тегжейлі хабардар етілді. Өз кезегінде М. Григорян сайлаудың сәтті өтуімен құттықтап, Қазақстан басшылығының саясатын жоғары бағалады әрі елімізде жүргізіліп жатқан өзгерістердің өзектілігі мен маңыздылығын айтты.
Парламенттік сайлаудың қорытындылары және Қазақстандағы саяси мен экономикалық реформалардың іске асырылу барысы Қазақстан Елшісі, Африка одағы жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Барлыбай Садықовтың африкалық сарапшылармен кездесуінің күн тәртібінде болды.
Қазақстан Елшілігінде ұйымдастырылған семинарға Эфиопия Сыртқы істер министрлігі мен Парламентінің өкілдері, Африка елдерінің елшілері, Диалог, зерттеулер және ынтымақтастық орталығы, Эфиопия СІМ Сыртқы саясат институты секілді талдау орталықтарының сарапшылары, саясаттанушылар, африкалық үкіметтік емес ұйымдары, сондай-ақ эфиопиялық БАҚ журналистері қатысты.
Б. Садықов сайлаудың алдын ала нәтижелеріне сәйкес сайлауға қатысқан жеті партияның алтауы жаңа парламентке өткені туралы хабарлады. Бұл 1995 жылдан кейінгі алғашқы көппартиялы парламентті қалыптастыру соңғы жылдары Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған конституциялық заңнамалық өзгерістер мен реформалардың арқасында мүмкін болғанын атап өтті.
Қатысушыларды Қазақстандағы саяси және экономикалық жүйелерді неғұрлым демократияландыру, монополиясыздандыру және құқықтық мемлекетті нығайту жағына қарай трансформациялау жөніндегі шешімдерді әзірлеу тетігі қызықтырды.
Біздің еліміздегідей, Африканың көптеген елдерінде құқықтық мемлекеттің, демократиялық құндылықтардың дамуы одан әрі мемлекеттік дамудың аса өзекті мәселесі және экономикалық өркендеудің таптырмас шарты болып табылады. Африканың 2063 жылға дейінгі даму күн тәртібіне сәйкес, тиімді басқару, демократия, адам құқықтарын құрметтеу, заң үстемдігі және әділеттілік институттарын қамтамасыз етпей Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мүмкін емес.
Осыған байланысты сарапшылар Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың тәжірибесін зерделеудің, оның ішінде парламенттің рөлін кеңейту мен күшейтудің, адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудің конституциялық тетіктерін үдемелі дамытудың, халықтың мемлекетті басқаруға көбірек тартылуының, сонымен бірге көпэтникалық қоғамда бейбітшілік пен толеранттылықты сақтаудың олар үшін ерекше маңызды екенін білдірді.
Эфиопия Парламентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитетінің төрағасы Тауфик Абдуллахи Ахмед Қазақстандағы бәсекелестік сайлау мен көппартиялы парламент қабылданатын заңнамалық шешімдердің сапасын арттыруға алып келеді деп есептейді.
«Парламенттік сайлау парламент жұмысының тиімділігін едәуір арттыратын үш маңызды өзгерісті көрсетті: біріншіден, бұл өткен сайлау процесінің инклюзивтілігін көрсететін аралас пропорционалды-мажоритарлық модельді қолдану, екіншіден, адамдарға «барлығына қарсы» дауыс беру құқығы берілді, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар адамдар, әйелдер мен жастар депутаттардың мандаттарын бөлу кезінде квота алды, үшіншіден, пікірлердің плюрализмі мен оппозициялық саясаттың ықпалын арттыра отырып, бұл сайлауда парламентке кірген және көппартиялық жүйені құрайтын билік пен оппозицияның бәрі жеңіске жетті», – деді эфиопиялық депутат.
Сонымен қатар, Т. Ахмед екі ел арасында сауда-экономикалық, саяси, парламентаралық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейтудің елеулі әлеуетін атап өтті. Осыған байланысты, ол екіжақты саяси консультациялар мен парламентаралық достық топтарының алғашқы кездесуі барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың маңыздылығын еске салды.
Эфиопия СІМ Қоғамдық дипломатия департаментінің бас директоры Дина Мүфтидің айтуынша, Қазақстандағы реформалар азаматтарды мемлекеттік басқаруға тарту бөлігінде басқа елдер үшін жақсы үлгі көрсетуде.
«Менің ойымша, Қазақстандағы реформалар саяси және әлеуметтік-экономикалық жетістіктер тұрғысынан өте табысты. Қазақстандық реформаларды зерттеу біз үшін өте пайдалы болуы мүмкін, себебі Эфиопия да ауқымды реформалар процесінде болуда. Сондай-ақ, Қазақстан халқын парламенттік сайлаудың сәтті өтуімен құттықтағым келеді. Сіздің еліңізде жүргізіліп жатқан инклюзивті саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар әлемнің басқа елдері үшін жақсы үлгі болатынына және Қазақстан мен Эфиопия арасындағы екіжақты қатынастарды нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін», – деді ол.
«Эфиопиян Хералд» газеті бас редакторының орынбасары Алем Хайлу Қазақстандағы саяси плюрализмді қамтамасыз еткен сайлау нәтижелерін жоғары бағалады.
«Ең алдымен, президенттің өкілеттік мерзімін конституциялық шектеу, сонымен бірге парламенттің рөлін арттыру, сондай-ақ конституциялық сот құру үлкен назар аударуға тұрарлық. Қазақстандағы бұл өзгерістердің барлығы азаматтардың пікірлерін ескере отырып, көп ұлтты және көпконфессиялы қоғамда бірлік пен тең құқықты нығайтуға ықпал етеді», – деді А. Хайлу.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен ГФР СІМ-нің Шығыс Еуропа, Кавказ және Орталық Азия елдерімен ынтымақтастық мәселелері жөніндегі уәкілі Маттиас Люттенбергтің тең төрағалығымен екіжақты, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі басым мәселелер бойынша өзара іс-қимылды нығайтуға және ұстанымдарды үйлестіруге бағытталған саяси консультациялар өтті.
Пікірталастарға Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов пен екі елдің сыртқы саяси ведомстволары құрылымдық бөлімшелерінің дипломаттары да қатысты.
Консультациялар барысында Қазақстанның кешенді ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғыруының негізгі аспектілеріне ерекше назар аударылды. Р. Василенко неміс әріптестеріне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен реформалар пакеттерін іске асыру нәтижелері туралы, сондай-ақ 19 наурызда өткен ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау қорытындылары туралы егжей-тегжейлі айтып, өткен парламенттік сайлаудың қоғамдағы өзгерістерді және елдің саяси жүйесін одан әрі жаңғыртуға деген ұмтылысты көрсететінін жеткізді.
Өз тарапынан М. Люттенберг халықаралық байқаушылардың өткен сайлауды бағалауына назар аударып, еліміздегі қоғамдық-саяси өзгерістерді оң сипаттады және Қазақстанды өңірлік контекстте «адам құқықтарын қорғаудың көрнекі үлгісі» және «демократиялық өзгерістердің драйвері» деп атады.
Тараптар білім және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық салаларындағы Қазақстан-Германия кооперациясының оң динамикасын қолдауға бірлескен күш-жігер жұмсауға келісті. Сонымен қатар, сауда-инвестициялық көрсеткіштердің қарқынды өсуін атап өтті.
Неміс статистикасына сәйкес, өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан алғаш рет ГФР-дың 50 жетекші сауда әріптестерінің тізіміне еніп, 10,5 млрд АҚШ доллар тауар айналымымен 43-ші орынға ие болды. Біздің деректерге сәйкес, Германиямен сауда 2022 жылы 2,8 млрд АҚШ доллар құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 26,7%-ға артқан.
Қазіргі уақытта елімізде неміс капиталының қатысуымен «SVEVIND» және «Goldbeck Solar» фирмаларын қоса алғанда 600 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар Қазақстанның өңірлерінде жасыл сутегі және жаңартылатын энергия өндірісі салаларында ауқымды жобаларды жүзеге асыруда.
Сонымен қатар, Германия астанасында Р. Василенко ГФР Бундестагы депутаттары, «Германия – Орталық Азия» парламенттік тобының төрағасы Ойген Шмидтпен, Петр Быстронмен, Манфред Грундпен және Кристиан Горкемен кездесу өткізді. Кездесу барысында 19 наурызда өткен парламенттік сайлаудың қорытындылары және Қазақстанның жаңартылған депутаттық корпусының неміс тарапымен өзара іс-қимылы үшін басым бағыттар талқыланды.
Министр орынбасарының жұмыс бағдарламасының жекелеген тармақтары оның бірқатар неміс БАҚ өкілдеріне арналған брифингі және Шығыс Еуропа және халықаралық зерттеулер орталығының (ZOiS) әкімшілік директоры Кристиан Шайхпен, ZOiS ғылыми қызметкері Беате Эшментпен және Орталықтың басқа да саясаттанушыларымен жаһандық және өңірлік конъюнктуралар контекстіндегі Қазақстан-Германия әріптестік тақырыбындағы сұхбатқа қатысуы болды.
Қытайдың Қоғамдық ғылымдар академиясының Шығыс Еуропа, Ресей және Орталық Азия институтында Қазақстанның Қытайдағы Елшісі Шахрат Нұрышев Еуразия мәселелеріне маманданған жетекші қытайлық сарапшылармен кездесу өткізді.
«Quick talks» форматында өткен кездесуге ҚХР Мемлекеттік кеңесі жанындағы Реформаларды дамыту орталығы, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясы, Қытай қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясы және Қытай халықаралық проблемалар академиясы сияқты беделді талдау орталықтарының басшылары мен сарапшылары қатысты.
Ш. Нұрышев өз сөзінде қатысушыларды өткен парламенттік сайлаудың қорытындыларымен егжей-тегжейлі таныстырып, алдымен Президент сайлауын, содан кейін Сенат, Мәжіліс және мәслихат депутаттарын сайлауын дәйекті өткізу саяси жаңару циклін аяқтағанын және енді биліктің барлық тармақтарына елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін шешуге баса назар аударуға мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.
Қазақстан-Қытай ынтымақтастығы, сондай-ақ көпжақты құрылымдар шеңберіндегі елдер арасындағы ықпалдасу тақырыбын айта отырып, Елші 2023 жылы Қытайда бірінші саммиті өтетін «Орталық Азия – Қытай» форматындағы өзара іс-қимылға қолдау білдірді.
Ш. Нұрышев сондай-ақ қазақстандық тарап ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға жоспарланған мемлекеттік сапары барысында жаңа серпінді уағдаластықтарға қол жеткізуге мүдделі екенін ерекше атап өтті. Ол еліміздің жоғары технологиялар, цифрландыру, жасыл даму, инновациялар, көлік және логистика салаларындағы іс жүзіндегі ынтымақтастыққа мүдделілігін растады.
Өз тарапынан қытайлық сарапшылар Қазақстандағы ағымдағы жағдай және жалпы әлемде болып жатқан оқиғалар туралы өз пікірлерімен бөлісті. Атап айтқанда, елімізде жүзеге асырылып жатқан өзгерістер қазіргі жаһандық жағдайға және ішкі саяси үрдістерге сәйкес келетіні атап өтілді. Олар Президент Қ. Тоқаевтың Қазақстанның саяси және экономикалық жүйелерін реформалау жөніндегі дәйекті бастамаларына жоғары баға берді.
Олардың пікірінше, күрделі геосаяси жағдайда біздің елдеріміз үшін өзара берік қолдау көрсету, сондай-ақ өңірдегі жеткізілім тізбегінің тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды. Осы тұрғыда кездесуге қатысушылар «Бір белдеу, бір жол» шеңберінде ірі өзара тиімді экономикалық жобаларды бірлесіп іске асыруға, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейтуге назар аударуды ұсынды.
Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Мәди Атамқұлов екіжақты парламентаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында Сербия Республикасы Халықтық скупщинасының Төрағасы Владимир Орличпен кездесу өткізді.
Келіссөздер барысында сұхбаттастар екі мемлекет арасындағы дәстүрлі достық және сенімділік негізінде қалыптасқан қатынастарды, сондай-ақ тараптардың екіжақты және көпжақты форматтардағы ынтымақтастықты өзара күшейтуге талпыныстарын атап өтті.
М. Атамқұлов серб парламентінің спикерін Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жайлы хабардар етті. Осы ретте, еліміздегі конституциялық реформалар аясында өткен сайлауға ерекше көңіл бөлінді.
Өз кезегінде, В. Орлич Қазақстандағы саяси үдерістердің қарқынына жоғары баға беріп, сәтті өткізілген парламенттік сайлаумен құттықтады.
Бұл мәнмәтінде парламентаралық ынтымақтастықты жандандыру үшін екі мемлекеттің парламенттеріндегі достық тобы депутаттарының өзара сапарларын ұйымдастыру бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді.
Сонымен бірге, ауыл шаруашылығы және азық-түлік шығару, IT және баламалы энергетика, әскери-техникалық және т.б. басымдыққа ие салалар бойынша экономикалық ынтымақтастық тақырыбына ерекше мән берілді.
Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды және ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарына сайлау қорытындыларын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті.
Дөңгелек үстел жұмысына Польша Сеймі мен Сенатының депутаттары, екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының, академиялық топтар мен талдау орталықтарының өкілдері, сондай-ақ ҚР құрметті консулдары, болу еліндегі қазақ орталықтарының басшылары және Польшада оқитын қазақстандық студенттер қатысты.
«Менің Қазақстаным» қауымдастығының төрағасы, Польшаның Қазақстандағы бұрынғы елшісі (2004-2007 жж.), Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық елшісі Владыслав Соколовский және Польшаның жетекші талдау орталықтарының бірі болып табылатын М. Бойма атындағы Азиялық және жаһандық зерттеулер институтының сарапшысы Ежи Олендский іс-шараның модераторлары болды.
Қазақстанның Польшадағы Елшісі Әлім Қирабаев Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалары және ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауының қорытындылары туралы баяндама жасады. Өз сөзінде ол еліміз дамудың жаңа дәуіріне аяқ басқанын және өзінің ауқымы мен тереңдігі жағынан бірегей жан-жақты саяси жаңғыруды бастан кешіріп жатқанын атап өтті.
Польша СІМ Шығыс департаменті директорының орынбасары Радослав Дарский Варшаваның елімізде жүргізіліп жатқан өзгерістерге қолдауын атап өтті: «Польшада Орталық Азиядағы ең маңызды серіктес болып табылатын Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларға үлкен назар аударылуда. Қазақстанның ЕҚЫҰ ДИАҚБ-ның сайлау заңнамасына бірқатар ұсынымдарының іске асырылуын атап өтіп, поляк тарапы осы мәселеде, сондай-ақ мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару органдарын дамыту салаларында одан әрі қолдау көрсетуге дайын екендігін білдіреді».
Польша Сеймінің депутаты, «Польша – Қазақстан» парламенттік тобы төрағасының орынбасары Пётр Зентарский келесіні атап өтті: «Қаңтар айындағы оқиғалардан кейін Қазақстан билігі мен қоғамы елдің мемлекеттік-саяси жүйесін қайта құру қажеттілігі туралы дұрыс шешім қабылдады. Тиісті өзгерістер пакеті, оның ішінде Қазақстан Конституциясы мен заңнамасына түзетулер енгізілді. Қоғамдық консенсусқа қол жеткізілді, Президенттің өкілеттігі есебінен Парламенттің ықпалын арттыруға бағытталған реформалар жүзеге асырылды. Конституциялық сот құрылды, оған Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Бас прокурор және Қазақстан азаматтарының өздері жүгіне алады. Қазақстандық конституционализмнің аса маңызды буыны реформаланған сайлау құқығы және оның нәтижесінде Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау болды. Бұл Қазақстанның түбегейлі саяси жаңғыру дәуіріне қадам басқандығын айғақтайды. Мемлекеттік құрылымның жоспарланған өзгерістерінің ауқымы мен тереңдігі орталық және жергілікті деңгейлерде Қазақстан қоғамы мен билігінің шешіміне байланысты болады».
Қазақстан тарапынан ҚР СІМ жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының басқарма төрағасы Болат Нұрғалиев елімізде жүргізіліп жатқан институционалдық реформаларға егжей-тегжейлі шолу жасады. Оның пікірі бойынша, жалпы, ішкі саяси реформаларды іске асыру шетелдік әріптестердің Қазақстанға деген сенімін нығайтып, олармен ынтымақтастықты тереңдетуге ықпал етуде.
ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы мен Польшадан халықаралық байқаушылар ретінде Қазақстанда болған ПР Сенатының депутаты Казимеж Клейна және М. Бойма атындағы Азиялық және жаһандық зерттеулер институтының сарапшысы Ежи Олендский сайлаудың жоғары ұйымдастырушылық деңгейін, сайлау комиссияларының ашықтығын, саяси бәсекелестіктің артқанын атап өтті.
К. Клейна Мәжіліске, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлау барысында пайдаланылған жаңа аралас пропорционалды-мажоритарлық модельге ерекше назар аударды. Поляк сенаторы Польша Сеймінің депутаттарын сайлауда енгізу мүмкіндігі үшін Қазақстанның осы тәжірибесін зерделеуді ұсынды (қазіргі уақытта поляк Парламентінің төменгі палатасының мүшелері тек партиялық тізімдер бойынша сайланады).
Зелёна-Гура университетінің Құқықтық ғылымдары институтының директоры профессор Анджей Биштыга Қазақстанның конституциялық түзетулеріне өзінің сараптамалық пікірі мен жоғары бағасын білдірді: «Бұл елдің саяси өмірінің бәсекелестігі мен ашықтығын арттыруды қамтамасыз етті. Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлауға тәуелсіз кандидаттардың қатысуы сайлау науқанына «ерекшелік» қосты. Қабылданған қадамдар Қазақстанның мемлекеттік құрылымының суперпрезиденттік басқарудан президенттік-парламенттік республикаға эволюциясына ықпал етеді».
Іс-шара алаңында Қазақстан-Польша ынтымақтастығының даму келешегі және Еуроодақ форматындағы қарым-қатынастарды нығайту жөніндегі басқа да мәселелер талқыланды.
ҚР СІМ Инвестициялар комитетінің Ішкі және сыртқы инвестицияларды талдау басқармасының басшысы Шоқан Омаров ел экономикасының инвестициялық әлеуетін, атап айтқанда, инвестицияларға арналған мемлекеттік қолдауды іске асыру және «Астана» халықаралық қаржы орталығының жұмысы туралы ақпаратты жеткізіп, қазақстандық тараптың поляк бизнесімен қарым-қатынасты кеңейтуге мүдделілігі мен дайындығын атап өтті.
«Польша-Азия» сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы, ПР бұрынғы премьер-министрдің орынбасары – экономика министрі Януш Пехочиньский келесі ұсынысқа назар аударды: «Қазақстанда ауқымды реформалар күрделі халықаралық жағдай аясында жүргізілуде. Осыған байланысты, поляк бизнесі Астананың сыртқы саясат мәселелеріне теңдестірілген көзқарасын құптайды. Қазақстанның маңызы геосаяси шиеленіс пен санкциялық текетірес жағдайында өсуде. Бұған Азия мен Еуропа арасындағы жаңа сауда көпірі бола алатын Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуы ықпал етеді. Мұнда тиімді геоэкономикалық жағдайы бар Қазақстан мен Польша маңызды рөл атқара алады».
Варшавадағы Экономика-гуманитарлық университетінің заң ғылымдарының профессоры Яцек Собчак елімізге «Қазақстан – Батыс елдері арасындағы ең азиялық ел, сонымен бірге Азия мемлекеттері арасындағы ең батыс ел» деген анықтама берді.