Сенатта ЕҚЫҰ, ТМД ПАА және ҰҚШҰ ПА, ТүркПА бақылаушыларымен бірқатар кездесулер өтті

Мәулен Әшімбаев ЕҚЫҰ байқаушыларымен кездесті.

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен бір топ депутат ЕҚЫҰ және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының байқаушылар миссиясының өкілдерімен кездесті. Аталған делегация елімізге Қазақстан Респпубликасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттарын сайлауды байқау үшін келді.

Мәулен Әшімбаев шақыруды қабыл алып, сайлау барысына мониторинг жүргізу үшін Қазақстанға арнайы келген халықаралық байқаушыларға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Сенат Төрағасы Қазақстанда сайлаудың ұлттық заңнамаға және халықаралық нормаларға сай өтуі үшін барлық шара қабылданып жатқанын атап өтті.

Палата Спикері елімізде іске асырылып жатқан саяси жаңғыртуларға да тоқталып, мұндай қадам сайлау процесін одан әрі тиімді етуге мүмкіндік бергенін айтты. Бұл ретте Мәжіліс депутаттарын партиялық тізімдер және бір мандатты округтер бойынша сайлаудың жаңа аралас жүйесі енгізілгені, партиялық тізімдерге әйелдер, жастар және мүгедектігі бар азаматтарға арналған 30 пайыздық квота қосылғаны, парламенттік оппозиция мәртебесі заңмен бекітілгені, саяси партияларды тіркеу тәртібі жеңілдетілгені және тағы басқа мәселелер жөнінде сөз болды.

«Біздің ел әділ, ашық және бәсекеге қабілетті сайлау өткізуге мүдделі. Қазақстанды тұрақты және демократиялы мемлекет ретінде одан әрі дамыту үшін бұл айрықша маңызға ие. Қазір халық нақты өзгерістерді күтіп отыр. Олардың үміттерін ақтау керек. Осы ретте бұл сайлауда белсенділік пен бәсекелестіктің жоғары деңгейі байқалғанын атап өткім келеді. Бұл – елдің саяси белсенділігін көрсететін оң үрдіс», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы ЕҚЫҰ және ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының байқаушыларына Қазақстандағы парламенттік сайлауды байқау миссиясын ұйымдастырғаны үшін алғыс білдірді. Сайлау барысын бақылауда байқаушылар маңызды рөл атқаратыны да әңгімеге арқау болды.

Өз кезегінде халықаралық байқаушылар сайлауға дайындықтың жоғары деңгейін тілге тиек етті. Сондай-ақ алдағы уақытта да парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға сенім білдірді.

Айта кетейік, ертеңгі сайлауға 12 халықаралық ұйым мен 41 елден келген 793 байқаушы мониторинг жүргізеді.

Сенаторлар ТүркПА миссиясының байқаушыларымен кездесті.

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы миссиясының байқаушыларымен кездесті.
Кездесуге қатысқан сенаторлар Бибігүл Жексенбай, Руслан Рүстемов және Нұрлан Бекенов ТүркПА-ның құрылуы мен дамуына өз үлесін қосқан ел ретінде Қазақстан осы Ұйым аясындағы парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға зор мән беретінін атап өтті.

Халықаралық байқаушылар Мемлекет басшысының бастамасымен жүргізіліп жатқан реформаның негізгі мәселелері туралы жан-жақты хабардар болды.

«Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарға сайлау жаңа аралас жүйе бойынша өтеді. Мәжіліс депутаттарының 70%-ы пропорционалды, ал 30%-ы мажоритарлық жүйе бойынша жасақталады. Яғни, партиялар 69 орынға, ал бір мандаттылар 29 орынға таласады. Бұл әртүрлі әлеуметтік топтар мен саяси партиялардың мүшелерін сайлауға мүмкіндік береді және Парламенттің өкілдік қызметін қамтамасыз етеді. Мәжіліс депутаттарын сайлау ауқымды ішкі саяси өзгерістер аясында өтетінін айта кету керек», - деді Нұртөре Жүсіп.

Кездесуге Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясынан Түркияның Ұлы Ұлттық жиналысының депутаттары Режеп Шекер, Шенель Йедийлдыз және Юксел Өзқан, Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің депутаты Хикмет Маммадов, ТүркПА Бас хатшысы Мехмет Сурея Эр қатысты.

Сонымен қатар, сенаторлар Қазақстандағы Парламент сайлауына дайындық барысы туралы шетелдік байқаушыларды хабардар етті.

ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Асқар Шәкіров Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлауына Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясынан келген халықаралық байқаушыларға арналған брифингте сөз сөйледі.

Сенатор өз сөзінде халықаралық беделді ұйымдардың атынан келген тәуелсіз байқаушылардың сайлауға мониторинг жүргізуі маңызды екенін атап өтті.

ЕҚЫҰ ПА және ДИАҚБ-тың өкілетті миссиясының осы мониторингке қатысуын Қазақстандағы демократиялық реформаларды қолдаудың белгісі ретінде қарастырған жөн.

«2022 жылы біз президенттік сайлау өткізген болатынбыз, одан кейін барлық негізгі билік институттарында дәйекті түрде қайта жаңарту процесі басталды. Алдағы парламенттік сайлау осы процестің жалғасы болып табылады. Біздің еліміз демократиялық жоғары стандарттар мен ережелерге, оның ішінде Копенгаген құжатына сәйкес еркін және әділ сайлау өткізу үшін барлық қажетті шараларды қабылдап келеді және сайлау процесінің барлық салалары бойынша ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясымен сындарлы ынтымақтастыққа дайын», - деп атап өтті Сенат депутаты.

Сенатор сондай-ақ Беларусь Республикасынан, Румыния Республикасынан, Жерорта теңізі елдерінің Парламенттік Ассамблеясынан келген байқау миссияларының өкілдерімен де кездесті.

Өз кезегінде Ольга Перепечина ТМД ПАА мен ҰҚШҰ ПА байқаушыларымен кездесті.

Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина ТМД Парламентаралық Ассамблеясы мен ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының байқаушылар миссиясының өкілдерімен кездесті.

Ольга Перепечина әңгіме барысында биылғы жыл елімізде маңызды саяси оқиғалармен, атап айтқанда Сенатқа депутаттарды сайлау және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне кезектен тыс сайлаумен басталғанын атап өтті. Бұл Қазақстандағы ауқымды ішкі саяси өзгерістер аясында жүзеге асуда.

«Ауқымды конституциялық реформаларды ескере келгенде, Сенат еліміздегі өңірлер мүддесін білдіретін палатаға айналды. Осылайша, алдағы Мәжіліс сайлауынан кейін еліміздіңбүкіл саяси жүйесін кешенді қайта жаңғырту аяқталады. Мәжіліс пен мәслихаттарға депутат сайлау жаңа аралас жүйе – партиялық тізім менбір мандатты округтер бойынша өтеді. Бұл әртүрлі әлеуметтік топтар мен саяси партиялардың өкілдерін сайлауға мүмкіндік береді, осылайша Парламенттің өкілдік қызметі қамтамасыз етіледі», - деді сенатор.

Ольга Перепечина сонымен қатар әйелдерді, жастарды және мүгедектігі бар адамдарды саяси процестерге белсенді тарту үшін елімізде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы кездесуге қатысушыларды хабардар етті. Мәслихат пен Мәжіліс депутаттығына кандидаттардың жалпы санының 30%-ы квотаға сәйкес осы санаттағы азаматтардың өкілдері құрауы тиіс. Бұл белгілі бір мәселелерді шешуге бағытталған шешімдер қабылдау кезінде олардың пікірін ескеруге мүмкіндік береді және инклюзивті қоғам құруға ықпал етеді.

ТМД ПАА және ҰҚШҰ ПА байқаушылар миссиясының мүшелері өз кезегінде Қазақстан сайлауды жоғары демократиялық стандарттарға сәйкес ұйымдастыруды қамтамасыз ету үшін қажетті барлық шараларды қабылдап жатқанын атап өтті.

Дереккөз: ҚР Сенаты
OUR COMPANY
Bring Your Ideas to Life
Everything that you dreamed of can be brought to life exactly at the moment when you decide to win.