2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу шеңберінде Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман Жамбыл облысында, ал Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавқат Өтемісов Атырау облысында болды.Инспекциялық сапардың негізгі мақсаты - сайлау заңнамасының жаңашылдығын түсіндіру, сайлау комиссияларының мүшелеріне әдістемелік көмек көрсету, сондай-ақ өңірлердің алдағы сайлауға дайындығын тексеру.
11 наурызда Жамбыл облысына сапары аясында Мұхтар Ерман жергілікті атқарушы органдардың, облыстық прокуратураның, полиция департаментінің өкілдерімен, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерімен, кандидаттардың сайлауалды штабтарының өкілдерімен, халықаралық байқаушылармен және БАҚ өкілдерімен кеңес өткізді.
Сондай-ақ ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі ұзақ мерзімді Миссиясының өкілдері Мария Фаглевааг Варсинка-Варси (Норвегия) және Эндрю Юрковский (АҚШ) шақырылды.
Кеңесте сайлауды ұйымдастыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы өңірлік мемлекеттік органдардың есептері тыңдалды.
Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен облыста сайлаушылар саны 717 090 адамды құрайтынын, олар үшін 499 сайлау учаскесі жұмыс істейтінін хабарлады.
Барлық сайлау учаскелері қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ өңірде кандидаттардың үгіт баспа материалдарын орналастыру үшін 308 орын анықталды, 356 билборд және LED-экрандар бөлінді.
Тараз қаласында және аудандарда халыққа консультациялық қызмет көрсету үшін 11 CALL-орталық құрылды. Сондай-ақ ақпараттық порталда
www.e-jambyl.kz ЖСН бойынша өз сайлау учаскесін іздеу бойынша онлайн-сервис көзделген, телеграмм-бот жұмыс істейді.
Сайлаушыларды тіркеуді растау бойынша 260 онлайн-сервистің және тұрақты немесе уақытша тіркеуі жоқ азаматтардың дауыс беруін ұйымдастыру үшін 7 сервистің жұмысы ұйымдастырылады.
Сондай-ақ атқарылған жұмыстар туралы Жамбыл облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғалы Айдапкелов баяндама жасап, бүгінгі күні бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша 692 тіркелгенін хабарлады. Оның ішінде №15 және 16 сайлау округтері бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына 12 кандидат, 18 сайлау округі бойынша облыстық мәслихатқа 70 кандидат, 27 сайлау округі бойынша қалалық мәслихатқа 92 кандидат және 147 сайлау округі бойынша аудандық мәслихаттарға 518 кандидат.
Партиялық тізімдер бойынша сайланатын облыстық мәслихаттың 18 депутаттық мандатына 72 кандидат тіркелді.
Күнтізбелік жоспарға сәйкес учаскелерде азаматтарды сайлаушылар тізімдерімен таныстыру және енгізілген деректердің дұрыстығын тексеру жұмыстары жүргізілуде. Сайлаушыларды дауыс беру уақыты мен орны туралы хабардар ету жөнінде қажетті шаралар қабылданды, сайлаушылар үшін сайлауға шақырулар дайындалды.
Учаскелік комиссиялар жергілікті жерлерде еріктілермен бірлесіп сайлаушыларға шақыру қағаздарын тапсыруды ұйымдастырды.
Мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Жұмыстың осы бағыты бойынша жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов хабардар етті. Оның айтуынша, бүгінде өңірде дауыс беру кезінде ерекше жағдайларды қажет ететін 2541 мүгедектігі бар сайлаушылар тұрады. Олар үшін барлық сайлау учаскелерінде пандустар, кіреберістегі тактильді көрсеткіштер және ғимараттар ішіндегі тактильді жолақтар қарастырылған.
Сайлау күні онлайн режимде 27 сурдоаудармашы жұмыс істейтін болады және 28 инватакси автокөлігінің қызметін ұйымдастыру жоспарлануда.
Сондай-ақ кеңес барысында облыстық прокуратура мен полиция департаментінің өкілдері сөз сөйлеп, сайлау процесіне қатысушылардың заңдылықты сақтауын, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.
Семинардың екінші бөлімінде Мұхтар Ерман аудандық және аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесу өткізіп, сайлау заңнамасының жаңалықтары мен осы сайлау науқанының ерекшеліктерін түсіндірді, сондай-ақ комиссия мүшелерінің көптеген сұрақтарына жауап берді.
Осыдан кейін «Дауыс беру күні» іскерлік ойыны өткізілді, оның барысында сайлау комиссияларының мүшелері іс жүзінде сайлауды өткізуді үйренді.
13-14 наурызда Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавқат Өтемісов
Атырау облысында осындай көшпелі семинар-кеңес өткізді, онда кейбір сайлау учаскелеріне барып, олардың алдағы сайлауға дайындығын тексерді.
Шавқат Өтемісов атқарылған жұмыстар туралы есептерді тыңдап, облыстық сайлау комиссиясының мүшелерімен және жергілікті мемлекеттік органдармен кеңес өткізді.
Облыс әкімі аппаратының басшысы Болат Исақов облыста сайлаушылар тізіміне 412 165 адам енгізілгенін баяндады.
Халықтың белсенділігін арттыру мақсатында облыс әкімдігінің сайтында сайлаушылар тізімінен өзін іздеу сервисі көзделген, телеграмм-бот іске қосылды, сондай-ақ өңірде сайлауға қатысты барлық мәселелер бойынша азаматтарға кеңес беру үшін 8 Call-орталық жұмыс істей бастады.
Бұдан басқа, облыстағы сайлау науқаны кезеңінде 174 сайлау учаскесінде сайлаушылардың тіркеу мекенжайын анықтау үшін сервис қолжетімді.
Ол сондай-ақ облыс бойынша 269 сайлау учаскесі бар екенін хабарлады. Барлық учаскелер материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етілген.
Дауыс беру күні азаматтарды уақытша тіркеу бойынша Болат Исақов Атырау қаласында бұл мүмкіндік 5 сайлау учаскесінде қамтамасыз етілетінін атап өтті.
Облыстағы үгіт-насихат қызметі бөлігінде үгіт-баспа материалдарын орналастыруға арналған 158 орын және сайлаушылармен кездесуге арналған 92 үй-жай айқындалды. Сонымен қатар сайлау туралы ақпараттық билбордтарды орналастыру үшін 528 орын бөлінген.
Мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету туралы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Альфия Төлеғариева хабарлады, ол ерекше жағдайларға мұқтаж сайлаушылар саны 2091 адамды құрайтынын мәлімдеді.
Атырау қаласы мен аудандардағы барлық дауыс беру пункттері ғимараттардың бірінші қабаттарында орналасқан. Сайлау учаскелері пандустармен, тактильді жолақтармен, ақпараттық белгілермен жабдықталған. Бұдан басқа, сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар адамдарға арналған бұрыштар жабдықталған, онда лупалар, Брайль шрифтімен орындалған ақпараттық материалдар, қосымша жарықтандыру және т.б. көзделген сайлау күні сайлау учаскелері сурдоаудармашылармен қамтамасыз етілетін болады және инватакси автокөліктерінің қызметі ұйымдастырылатын болады.
Сондай-ақ атқарылған жұмыстар туралы облыстың аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманақұмов хабарлады. Ол облыста 365 сайлау комиссиясы (9 аумақтық, 87 округтік, 269 учаскелік) жұмыс істейді, онда 2429 комиссия мүшесі қызмет атқарады.
Барлығы 445 кандидат тіркелді, оның ішінде Мәжіліске 12 кандидат, облыстық мәслихатқа 6 партиялық тізімде 61 кандидат, облыстық мәслихатқа 15 бірмандаттық сайлау округі бойынша 40 кандидат, Атырау қалалық мәслихатына 71 кандидат, 7 аудандық мәслихатқа 261 кандидат.
Сондай-ақ сайлау науқанын өткізу кезінде заңдылықтың сақталуын қадағалауды, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы облыстық прокуратура мен полиция департаментінің өкілдері сөз сөйледі.
Семинар-кеңестердің екінші бөлімінде аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері үшін іскерлік ойын түріндегі тренингтер өткізілді, сайлау комиссияларының мүшелері дауыс берудің барлық барысын қамти отырып, учаскелерде дауыс беру процесін көрсетті. Олар учаскелік сайлау комиссияларының дауыс беру күні қалай жұмыс істейтінін, соның ішінде учаскелерді ашу, бюллетеньдер беру, дауыс беруді ұйымдастыру, байқаушыларды тіркеу, есептен шығару куәліктері бойынша дауыс беру, дауыстарды санау және учаскелер бойынша нәтижелер шығару процесін көрсетті.
Осылайша, ОСК мүшелері алдағы сайлауды өткізу бойынша сайлау комиссияларына әдістемелік және практикалық көмек көрсету үшін барлық 20 өңірге инспекциялық сапарларын аяқтады.
Өңірлерге инспекциялық сапарлар барысында Ортсайлауком мүшелері аумақтық және округтік сайлау комиссияларының жұмысымен танысып, сайлау учаскелерінің дайындығына көз жеткізді.
Дереккөз:
election.gov.kz