Нұрлан Әбдіров республиканың оңтүстік өңірлерінің сайлауға

дайындығын тексерді

Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарына сайлауды әзірлеу мен өткізу шеңберінде өңірлерге инспекциялық сапарларын жалғастырды.

9 наурызда Қызылорда облысында Орталық сайлау комиссиясының басшысы аумақтық сайлау комиссиясы мүшелері мен мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен көп жақты семинар-кеңес өткізді.

Іссапарға Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман және ОСК аппаратының жауапты қызметкерлері де қатысты.

Іс-шараға құқық қорғау органдарының басшылары, салалық басқарма және департамент басшылары, аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, кандидаттардың сайлауалды штабының өкілдері, ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі ұзақ мерзімді Миссиясының өкілдері Вероника Куралт (Словения) және Роман Дэвид Магри (Швейцария), сондай-ақ БАҚ өкілдері шақырылды.

Нұрлан Әбдіров өзінің кіріспе сөзінде ағымдағы сайлау науқанының маңыздылығын атап өтіп, сайлау заңнамасының жаңалықтарына және бірмандаттық аумақтық сайлау округтері мен саяси партиялардан кандидаттарды ұсыну және тіркеу кезеңдерінің негізгі қорытындыларына егжей-тегжейлі тоқталды.
Сайлау өткізу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық әкімдіктің басшылығы, прокуратураның, полицияның, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері және аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы баяндады.

Нұрлан Мәжитұлы комиссия мүшелерінің назарын дауыс беру күні сайлау учаскелеріндегі мінез-құлық ережелерін міндетті түрде білуге аударды және сайлау процесінің барлық қатысушылары, соның ішінде байқаушылар, кандидаттардың сенім білдірілген адамдары және БАҚ дауыс беруге арналған үй-жайға келген сәттен бастап осы ережелердің мазмұнымен міндетті түрде танысуға тиіс екенін атап өтті.

Кеңес барысында облыс әкімінің аппарат басшысы Шахмардан Байманов өңірде 486 002 азамат сайлаушылар тізіміне енгізілгенін атап өтті.

Ол сондай-ақ облыста мүгедектігі бар 20 324 сайлаушы бар екенін хабарлады. Олар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Мәселен, 373 сайлау учаскесінің 368-і республикалық интерактивті қолжетімді картасына енгізілген.

Облыста кандидаттардың үгіт материалдарын орналастыру үшін билбордтар үшін 466 орын, баспа материалдары үшін 268 үй-жай және сайлаушылармен кездесу үшін 169 орын бөлінді.
Консультативтік көмек көрсету және сайлаушыларды ақпараттандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Азаматтардың дауыс беру учаскесін нақтылау үшін call-орталықтардан басқа, «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» сервисі іске қосылды (saylau.orda.gov.kz), онда сайлаушылар өз ЖСН енгізу арқылы учаскесінің орналасқан мекен-жайын біле алады.

Сонымен қатар Telegram-бот және «Smart Qyzylorda» мобильді қосымшасы арқылы сайлаушылар тізімінде өзін тексеру мүмкіндігі қарастырылған.

Egov порталында азаматтарды тіркеу орны бойынша мәліметтерді тексеру бойынша онлайн-сервисті орнату үшін дауыс беру күні 169 сайлау учаскесі анықталды.

Бұдан басқа азаматтардың сайлау құқығын тіркеусіз іске асыру мақсатында Қызылорда қаласында 5 сайлау учаскесінде азаматтар учаскенің мекенжайы бойынша уақытша тіркеуді ресімдеу арқылы дауыс бере алады. Бұл учаскелерде ХҚКО қызметкерлері жұмыс істейтін болады, сондай-ақ интерактивті тақта қолжетімді болады, оның көмегімен сайлаушылар қызметтерді өз бетінше ала алады.

Сайлау учаскелері қажетті техникалық базамен (қосымша компьютер, тұрақты интернет желісі, принтер, веб-камера және т.б.) толық қамтамасыз етілген.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғабит Жаңабаев сайлау күні мүгедектігі бар адамдарға 34 инватакси және 42 сурдоаудармашы қызмет көрсететінін толықтырды.

Сайлау науқаны барысында заңдылықтың сақталуын қадағалау, сондай-ақ дауыс беру күні құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңесте облыс прокурорының орынбасары Нұрболат Дүйсенбаев және облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Әмітов сөз сөйледі.

Отырыс соңында ОСК Төрағасы өңірдегі сайлау процесінің барлық қатысушыларын алдағы сайлауды заң талаптарына қатаң сәйкестікте өткізуге барлық күш-жігерін жұмсауға шақырды.
Семинар-кеңестің екінші бөлімінде «Дауыс беру күні» іскерлік ойыны ұйымдастырылды, оның барысында сайлау күні сайлау комиссияларының жұмыс алгоритмі модельденді.

Іскерлік ойынға Қорқыт ата атындағы университеттің «Құқықтану» мамандығы бойынша оқитын студенттер қатысты. Сайлау комиссияларының мүшелері сайлау процесінің ерекшеліктерін және дауыс беру тәртібін көрсетті. Айта кетерлігі, практикалық семинарға жоғары оқу орындарының білім алушылары тартылды, себебі бұл жастар арасында сайлау мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.


Бұдан әрі ОСК Төрағасы аумақтық сайлау комиссиясының мүшелерімен кездесті. Сапар барысында ол көптеген сұрақтарға жауап беріп, бірқатар тапсырмалар берді.

Сапар соңында Нұрлан Әбдіров Қызылорда қаласында орналасқан №207 сайлау учаскесінің жұмысымен танысты.
Мұнда Төрағаға «Өзіңді сайлаушылар тізімінінен тексер» сервисі таныстырылып, saylau.orda.gov.kz. платформасының мүмкіндіктері көрсетілді.

10 наурызда Нұрлан Әбдіров Түркістан облысында болып, сайлау комиссияларының жұмысымен танысып, сайлау учаскелерінің дауыс беру күніне дайындығын тексерді.

Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен өткен кеңеске аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, кандидаттардың сайлауалды штабтарының, БАҚ өкілдері, сондай-ақ ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі ұзақ мерзімді Миссиясының өкілдері Юстина Рудминайте (Литва), Валерий Амисулашвили (Грузия) және «Дауыс» қоғамдық байқаушылар коалициясы» РҚБ қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсембай Тәжібаев облыста сайлаушылар тізіміне 1 млн. 176 мың 658 сайлаушы енгізілгенін хабарлады. 941 сайлау учаскесі жұмыс істейді.

Халықты ақпараттандыру үшін «109» бірыңғай call-орталығы және қалалар мен аудандар әкімдіктерінде 17 call-орталықтар жұмыс істейді.

Халықтың сайлау белсенділігін арттыру мақсатында өңірде 1575 баннер орналастырылды. Сондай-ақ халық көп шоғырланған жерлерде (халыққа қызмет көрсету орталықтары, жастар ресурстық орталықтары, автовокзалдар, сауда орталықтары, базарлар, мәдениет үйлері және т.б.) ақпараттық бейнероликтер үнемі көрсетіліп тұрады.

Кандидаттардың үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін 646 орын және кандидаттардың сайлаушылармен кездесуі үшін 330 үй-жай анықталды.

Ол сондай-ақ облыста 97 600 мүгедектігі бар азамат тұратынын, оның ішінде дауыс беру күні ерекше жағдайларға мұқтаж 20 122 азамат, оның ішінде кресло-арбаларды пайдаланатын 3099 адам, көру қабілеті толық жоғалған 2664, есту және сөйлеу қабілеті толық жоғалған 2316 азаматтар бар екенін хабарлады. Бүгінгі таңда облыстың барлық сайлау учаскелері мүгедектігі бар адамдарды қабылдауға бейімделген. Сайлау күні облыста 43 инватакси және 50 әлеуметтік такси жұмыс істейтін болады. Бұдан басқа, ым тілінің 114 маманының қызметтерін ұйымдастыру жоспарлануда. Барлық сайлау учаскелері бір тұрақты және 2 жылжымалы сайлау жәшіктерімен қамтамасыз етілген.

Нұрлан Әбдіров мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз ету өте маңызды мәселе екенін атап өтті. Олар үшін сайлау учаскелері қосымша жарықтандырумен, арнайы жабдықтармен және техникалық мүмкіндіктермен жарақтандырылған арнайы бұрыштар көзделуге, сондай-ақ арнайы кабиналар, тактильді көрсеткіштер мен пандустар орнатылу тиіс.

Кеңес барысында заңдылықты сақтау және құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлігінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы облыс прокурорының м.а. Саян Келдібеков пен полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Бағланбек Айтпаев баяндады.

Семинардың екінші бөлімінде аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері үшін «Дауыс беру күні» іскерлік ойыны түріндегі тренинг ұйымдастырылды, оның барысында қатысушылар іс жүзінде сайлау күні тікелей іс-қимыл алгоритмін пысықтады.

Содан кейін ОСК Төрағасы кейбір сайлау учаскелеріне барып, олардың дауыс беру күніне дайындығын жеке өзі тексерді. № 25 аудандық сайлау комиссиясының жұмысымен танысты, сондай-ақ Түркістан қаласының № 900 сайлау учаскесін қарап шықты.
Мұнда Ортсайлауком басшысы дауыс беруге арналған үй-жайларда комиссия мүшелерінің үстелдері мен қоғамдық бірлестіктердің байқаушылары үшін орындардың орналасуының ыңғайлылығына ерекше назар аударды. № 900 учаскеде бірқатар ескертулер жасалды және комиссия мүшелеріне ұлттық және халықаралық байқаушылардың, БАҚ өкілдеріне дауыс беру кезінде және дауыстарды санау рәсімінде қажетті шолуды қамтамасыз ету бойынша нақты ұсыныстар берді.

11 наурызда Нұрлан Әбдіров Шымкент қаласына барып, әкімдік қызметкерлерімен, қалалық, аудандық аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерімен, қаланың округтік және учаскелік сайлау комиссияларының төрағаларымен, ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды байқау жөніндегі ұзақ мерзімді Миссия, саяси партиялар, қалалық прокуратура, полиция департаменті, ішкі саясат басқармасы және жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, сондай-ақ БАҚ өкілдерімен сайлауды ұйымдастыру және өткізу бойынша кеңес өткізді.

Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәуленқұлов қалада сайлаушылар саны 639 663 адамды құрайтынын, олар үшін 330 сайлау учаскесі ашылғанын хабарлады. Олардың барлығы материалдық-техникалық базамен толық жабдықталған.

Халықты ақпараттандыру мақсатында қалада call-орталық жұмыс істейді, сондай-ақ әкімдіктің ресми сайтында тиісті ақпарат орналастырылуда. Сонымен қатар, азаматтардың өздерін сайлаушылар тізімінен іздеуі үшін i-shymkent.kz арнайы сервисі жұмыс істейді және Telegram-Bot іске қосылды. Сондай-ақ GIS 2-қосымшасында «Сайлау учаскесін іздеу» қызметі қарастырылған, онда сайлаушы өзінің сайлау учаскесін және оған ең қысқа жолды таба алады.

Сондай-ақ, Ғабит Мәуленқұлов сайлау күні Шымкентте қоғамдық көлікте тегін жол жүру ұйымдастырылатынын айтты.

Мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс туралы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова хабарлады. Ол қалада дауыс беру кезінде ерекше жағдайларды қажет ететін 6254 мүгедектігі бар сайлаушылар бар екенін хабарлады. Оның ішінде кресло-арбаларды пайдаланатын 1 263 азамат, көру қабілетінен айырылған 3 572, есту және сөйлеу қабілетінен айырылған 1419 азамат.

Нұрлан Әбдіров 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар азаматтарға ерекше назар аударуды тапсырды. Ол осындай сайлаушымен кездесуге немесе қоңырау шалуға және сайлауға шақыруға, қажет болған жағдайда шақыруларды атаулы түрде тапсыруға кеңес берді. ОСК басшысы сайлау күні «Инватакси» қызметі мен сурдоаудармашылардың сапалы жұмысын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.

Кеңес барысында қала прокуроры Ғабит Мұқанов заңдылықтың сақталуын қадағалауды қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс туралы сөз сөйледі.

ОСК Төрағасы қаланың қадағалау органы басшысының назарын азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуге аударды. Атап айтқанда, ол сайлауға дейін санаулы күндер қалғанын, сондықтан сайлау науқанына қатысты халықтың шағымдарына жедел ден қою және олар бойынша қажетті шараларды жедел қабылдау маңызды екенін атап өтті.


Қалалық полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков жиналысқа қатысушыларды сайлау күні құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы хабардар етті.

ПД бастығына сөйлеген сөзінде ОСК Төрағасы дауыс беру күні учаскелерде полиция қызметкерлерінің болуына жол берілмейтінін атап өтті, сондай-ақ сайлау бюллетеньдерінің сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Жиналыстан кейін Нұрлан Әбдіров және ОСК аппаратының қызметкерлері № 106 сайлау учаскесінде сайлау комиссияларының мүшелері үшін іскерлік ойын форматында оқыту тренингін өткізді, оның барысында барлық өңірлердегідей сайлау комиссияларының мүшелері дауыс беру күні сайлау учаскелерінде жұмысты ұйымдастыру бойынша практикалық білім алды.

Содан кейін Ортсайлауком басшысы бірнеше сайлау учаскелеріне барып, комиссия мүшелерімен кездесіп, алдағы сайлауға дайындық барысын тексеріп, олардың сұрақтарына жауап берді.

Нұрлан Мәжитұлы барлық деңгейдегі комиссия мүшелерінің назарын құжаттарды (отырыстардың хаттамалары, шешімдер, дауыс беру қорытындылары туралы хаттамалар, актілер, тізілімдер және т. б.) сауатты құрастыруға аударды.

Ол сондай-ақ сайлаушыларға бюллетеньдер беру кезінде ерекше назар аудару, соның ішінде сайлаушылар тізімі журналында және олардың жеке куәліктерінде қойылған азаматтардың қолтаңбаларының сәйкестігін тексеру маңызды екенін атап өтті.
Кездесу соңында ОСК Төрағасы сайлау комиссияларының мүшелеріне сайлау комиссияларының тиімді жұмысын ұйымдастыруға, сондай-ақ сайлау процесінің барлық қатысушыларына қажетті жағдайлар жасауға көбірек көңіл бөлуді ұсынды.

Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының алдағы сайлауы заңнама талаптарына сәйкес қатаң және ашық өтуі тиіс деп атап өтті Ортсайлауком басшысы.

Дереккөз: election.gov.kz
OUR COMPANY
Bring Your Ideas to Life
Everything that you dreamed of can be brought to life exactly at the moment when you decide to win.