Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Брюссельде екіжақты ынтымақтастық пен халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша ұстанымдарды салыстыру мақсатында Еуропалық одақтың негізгі институттарының жоғары өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.
Еуроодақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі кабинетінің басшысы Камило Биариномен, Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Басқарушы директорының орынбасары Люк Девиньмен және Еуропалық кеңес Президентінің сыртқы істер жөніндегі аға кеңесшісі Магдалена Грономен кездесулер аясында 2022 жылдың күзінде өткен Еуропалық кеңес Президенті Шарль Мишельдің Астанаға сапары және Мемлекет басшысының Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Лейенмен келіссөздерінің қорытындылары бойынша уағдаластықтардың іске асырылу барысы талқыланды.
Биыл Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай Р. Василенко келіссөздерде жоғары деңгейдегі саяси диалогтың, экономикалық және сауда-инвестициялық ынтымақтастықтың қарқынды дамуын, адам құқықтары мәселелері бойынша сындарлы өзара іс-қимылды ынтымақтастығымыздың келешекке бағытталған мазмұнды сипатын айқындайтын факторлар ретінде атап өтті.
Бірлескен іс-қимылдың 29 саласын қамтитын Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімді (КӘЫК) тиімді және толық іске асыру масқатында жоспарланған екіжақты әрі көпжақты форматтардағы іс-шараларға дайындық бойынша нақты қадамдар талқыланды. Атап айтқанда, ҚР – ЕО Ынтымақтастық кеңесінің, саяси және сауда конфигурацияларындағы ҚР – ЕО Ынтымақтастық комитеттерінің 20-шы мерейтойлық отырысын, «Орталық Азия – Еуропалық одақ» екінші Экономикалық форумын өткізу мәселелері қаралды.
Отандық дипломат серіктестерді Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» құруға бағытталған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларының іске асырылу барысы туралы хабардар етті. 2023 ж. 19 наурызға жоспарланған ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына еліміздегі дайындыққа ерекше назар аударылды.
Украинадағы қақтығысты қоса алғанда, халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша, сондай-ақ оның айналасындағы санкциялық текетірестің Қазақстан экономикасы үшін ықтимал теріс салдарларын шектеу қажеттігі төңіргеінде жан-жақты пікір алмасу өтті.
Еуропалық тарап екіжақты және көпжақты күн тәртібінің жоғары қарқынын атап өтіп, Қазақстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және КӘЫК қағидаларын жүзеге асыруға қызығушылық танытты. К. Биариноның пікірінше, соңғы уақытта Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы тиімді ынтымақтастықтың маңызы артып келеді.
Тараптар жаһандық турбуленттілік жағдайында ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін саяси диалогтың оң динамикасын сақтаудың маңыздылығымен келісті.
Қазақстанның Хорватиядағы Елшілігінде көрнекті қоғам қайраткерлерінің, Сабор депутаттарының, хорват дипломаттары, іскер топтары, БАҚ пен ҮЕҰ өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына арналған сараптамалық кездесу өтті.
Қазақстан Елшісі Алтай Әбибуллаев кездесуге қатысушыларды сайлау барысымен, азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуын бақылау жөніндегі ҚР Орталық сайлау комиссиясының қызметі, сондай-ақ Қазақстандағы сайлауалды науқан барысы туралы егжей-тегжей хабардар етіп, 2022 жылдың 5 маусымында жалпыұлттық референдум қорытындысы бойынша қабылданған Конституцияда саяси партиялар мен қоғамдық белсенділік танытатын барлық азаматтарға сайлау додасына түсу жолында ауқымды әрі тең жаңа саяси мүмкіншіліктер берілгенін басып айтты. Елші өз сөзінде алдағы парламенттік сайлаудың бұрынғы сайлаулардан негізгі айырмашылықтарын ашып айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды ерекше атап өтті.
Талқылау барысында қатысушылар алдағы сайлаудың Қазақстанның болашағы мен Қазақстан-Хорватия ынтымақтастығы үшін маңыздылығы туралы өз пікірлерімен қызу алмасты. Президенттік сайлауға дербес бақылаушы ретінде Қазақстанда болған хорват парламентінің вице-спикері – қазақ-хорват парламентаралық тобының мүшесі Даворко Видович Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатта стратегиялық өз бағытын одан әрі жалғастыратынына кәміл сенім білдіріп, еліміздегі ішкі саяси демократиялық өзгерістерге жоғары бағасын берді. Депутаттың пікірінше, Балқан аймағы ашық аспан мен бейбітшіліктің ащы құнын бағалай алатын аймақ, сондықтан өз көршілерімен бейбіт ынтымақтастық орнатып, прогрессивті саяси реформалар енгізіп ұлтаралық және дінаралық үйлесімді келісімін тауып отырған Қазақстанның маңыздылығы мен тарихи миссиясы ерекше.
Хорват Конституциялық Сотының судьясы Мато Арлович сайлау науқанында барлығына тең құқық берілгенін және ол ашықтық қағидатымен өтіп жатқанын аса басып атап өтті. Оның пікірінше, Қазақстанда жаңадан құрылған Конституциялық сот институты – заңның үстемдігін, демократиялық стандарттар мен әлеуметтік тұрақтылықты одан әрі нығайтуға бағышталған өте маңызды мемлекеттік құрылым.
Хорват Саборындағы парламентаралық ынтымақтастық тобының өкілдері Давор Иво Штир мен Степан Вукас Қазақстан-Хорватия қатынастарының қарқынды дамуын және хорват халық қалаушыларының Астанаға сапарын ұйымдастырумен парламентаралық диалогты жандандыруға дайындығын қанағаттанушылықпен атап өтті. Мәжіліске жаңадан сайланған депутаттар хорват Саборымен ынтымақтастыққа зор серпін беретініне сенім білдірілді.
«EUbusiness» талдау орталығының еуропалық сарапшысы әрі басшысы Харис Боконың пайымдауынша, ушығып отырған геосаяси тұрақсыздық тұрғысында, отын және шикізат көздеріне бай Қазақстанның транзиттік-көліктік бағыттарды әртараптандыруда атқарар рөлі жақын болашақта одан әрі нығая түседі. Ол халықаралық сахнадағы сенімді әріптес – Қазақстан осынау қиын-қыстау геосаяси өтпелі заманда бүкіл ЕО пен Балқан елдеріне маңызды серіктес болып, өз саяси әрі демократиялық реформаларын парламенттік сайлау арқылы одан әрі нығайтуға бет алған мемлекет екендігін басты назарда ұстаған абзал деп атап өтті.
Қазақстанның Мажарстандағы Елшілігінде сараптамалық кездесу өтіп, оның барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп жатқан саяси реформаларының қорытындылары және ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық талқыланды.
Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Жәнібек Әбдрашов өз сөзінде алдағы парламенттік сайлау «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын нақты мазмұнмен бекітетін мемлекеттік институттарды қайта жүктеудің соңғы кезеңі болып табылатынын атап өтті.
«Қазақстан мемлекеттік басқаруды жаңғыртуды жүргізеді, саяси ашықтықты нығайтады және экономикалық мүмкіндіктерге тең қол жеткізуді қамтамасыз етеді, яғни жаңа демократиялық қағидаттардың сындарлы жолымен жүріп келеді», – деді Ж. Әбдрашов.
Парламенттік сайлау мен сайлау науқанына жеке тоқтала отырып, қазақстандық дипломат жүйелі қайта құрулар Қазақстанда партиялық құрылысты жандандырудың іргетасын қалағанын атап өтті.
«Елімізде жаңа саяси бірлестіктер құрудың жеңілдетілген рәсімдерінің арқасында бүгінгі таңда сайлау құқығын іске асыру үшін сайлаушыларға кең таңдау ұсынатын жеті партия тіркелді. Бұл партиялардың кейіннен бәсекелестік сайлауға қатысуы саяси плюрализм мен оппозициялық саясаттың әлеуетін дамыта отырып, көппартиялық жүйені нығайтуға ықпал етеді, сол арқылы тұтастай алғанда саяси жүйенің ұзақ мерзімді тұрақтылығын және азаматтардың өзекті мәселелерін шешудің тиімділігін қамтамасыз етеді», – деп атап өтті Елші.
Сарапшылар Мажарстан мен Қазақстанның сайлау жүйелері арасындағы ұқсастығын салыстырып, алдағы сайлаудың аралас пропорционалды-мажоритарлық моделінің ерекшелігі, барлық топтардың парламентінде кеңірек өкілдік етуге бағытталған оның мүшелерінің мандаттарын партиялық тізімдер бойынша бөлу кезінде әйелдер, жастар және ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін 30 пайыздық квота белгілеу жөніндегі заңнамалық норма бойынша толық ақпарат алды. Іс-шараға қатысушыларға ақпараттық материалдар таратылды.