7 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу шеңберінде Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Ортсайлауком кезекті отырысы өтті.2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауында сайлау алдындағы пікірсайысты өткізу, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу мәселелері, «Электрондық үкімет» порталында азаматтарды тіркеу орны және сайлау учаскелерінің мекенжайлары бойынша азаматтарды тіркеу туралы мәліметтерді тексеру онлайн-сервисін іске асыру, сондай-ақ жекелеген сайлау учаскелерінде дауыс берудің басталуы мен аяқталуының өзге уақытын белгілеу мәселелері қарастырылды.
Отырысқа облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, сондай-ақ осы өңірлердің әкімдері аппараттарының басшылары (БКС режимінде) қатысты, саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Бас прокуратураның, ішкі істер, қаржы, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің жауапты лауазымды адамдары және «Хабар» Агенттігі» АҚ басшылығы шақырылды.
Сондай-ақ ЕҚЫҰ ДИАҚБ сайлауды байқау Миссиясының және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының байқаушылар Миссиясының өкілдері қатысты.
Отырыс сурдоаударманы қамтамасыз ете отырып, интернет-ресурс және Youtube арқылы таратылды.
Күн тәртібіндегі
бірінші мәселеге көшкен Нұрлан Әбдіров 27 ақпанда өткен отырыста 16 наурызда «Хабар» телеарнасының эфирінде сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайыс өткізу туралы шешім қабылданғанын атап өтті.
ОСК мүшесі Анастасия Щегорцова 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауында сайлау алдындағы телевизиялық пікірсайыс өткізу мәселелері туралы баяндама жасады.
Ол «Хабар» телеарнасы саяси партиялардың сайлау алдындағы пікірсайысын өткізу регламентін әзірледі деп хабарлады. Регламентте қатысушыларға қойылатын жалпы талаптар, сөз сөйлеу кезектілігі, пікірсайыс өткізу тілі мен ұзақтығы белгіленеді.
Регламентке сәйкес саяси партиялардың сайлау алдындағы пікірсайысы үш раундта өткізілетін болады. Пікірсайысқа қатысушылар өздерінің сайлау бағдарламасымен сөз сөйлеуге, қарсыластарына сұрақтар қоюға, сайлаушылардың сұрақтарына жауап беруге, сондай-ақ сайлаушыларға үндеу жасауға мүмкіндік алады.
Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен пікірсайысты өткізу регламенті келісіліп, кандидатураларын саяси партиялар ұсынған телепікірсайысқа қатысушылардың құрамы бекітілді
(«AMANAT» саяси партиясынан Қошанов Ерлан Жақанұлы, «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан Дайрабаев Жигули Молдақалықұлы, «Respublica» партиясынан Қожаназаров Айдарбек Асанұлы, Қазақстан Халық партиясынан Ертісбаев Ермұхамет Қабиденұлы, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясынан Әміртаев Азаматхан Сайлауұлы, «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясынан Перуашев Азат Тұрлыбекұлы, ЖСДП партиясынан - Әуесбаев Нұрлан Сатыбалдыұлы). Екінші мәселе бойынша Ортсайлауком хатшысы Мұхтар Ерман сөз сөйледі. Ол халықаралық байқау институты ашылғаннан бері 16 шет мемлекет пен 4 халықаралық ұйымнан 165 байқаушы аккредиттелгенін хабарлады.
Бүгінде аккредиттеуге 23 шет мемлекет пен 6 халықаралық ұйымнан 157 байқаушы кандидатуралары ұсынылды: Әзірбайжан, Армения, Ұлыбритания, Германия, Грузия, Ирак, Испания, Италия, Норвегия, Ресей, Румыния, Сербия, Словакиядан 1 кандидатурадан; Канада, Моңғолия, Қырғыз Республикасы, Пәкістан, Польша және Хорватиядан 2 кандидатурадан; Венгрия, Литва, Түркиядан 3 кандидатурадан; Америка Құрама Штаттарынан 4 кандидатура.
Сондай – ақ 77 кандидатураны ТМД байқаушылар Миссиясы және ҰҚШҰ-ның Парламенттік Ассамблеясы 11 кандидатура жолдады.
Түркі мемлекеттері ұйымы байқаушылар миссиясынан - 6 кандидатура; Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясынан - 20 кандидатура; Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінен - 2 кандидатура және Халықаралық Түркі академиясынан - 3 кандидатура ұсынылды .
Үшінші мәселе бойынша ОСК Төрағасының орынбасары Константин Петров баяндама жасады, ол жергілікті атқарушы органдардың сайлаушылар тізімі бойынша үлкен жұмыс атқарғанын хабарлады.
Сонымен қатар өткен сайлау науқандарының тәжірибесі көрсеткендей, азаматтар көбінесе сайлаушылар тізімінде өздерін тексеру үшін уақтылы шаралар қабылдамайды және дауыс беру күні сайлаушылар тізіміне енгізу үшін жүгінеді.
Сондықтан Орталық сайлау комиссиясы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен, Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, ағымдағы сайлау науқанына екі онлайн-сервистің жұмысы бойынша бірлескен актілерді пысықтап, дайындады:
- «Электрондық үкімет» порталында (ОСК және ЦДИАӨМ) азаматтарды тіркеу орны бойынша мәліметтерді тексеру;
- сайлау учаскелерінің (ОСК, ЦДИАӨМ, ІІМ) мекенжайлары бойынша азаматтарды тіркеу.
Азаматтарды тіркеу орны бойынша мәліметтерді тексеру онлайн-сервисінің мәні: e-gov порталы арқылы сервиске кіруге рұқсат берілген учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері сайлаушы жазбаша өтініш жасаған кезде сайлаушылар тізіміне енгізу үшін оның тұрақты тіркелген орны туралы ақпарат ала алады.
Өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша тиісті сайлау учаскесінің шекарасындағы аумақта тұрақты тіркелгені туралы мәліметтер расталған кезде учаскелік сайлау комиссиясы оны сайлаушылар тізіміне енгізу туралы шешім қабылдайды. Керісінше жағдайда сайлаушылар тізіміне енгізуден бас тарту туралы дәлелді шешім қабылданады және өтініш берушіге оның көшірмесі беріледі.
Бұл сервис 4 055 сайлау учаскесінде қолжетімді болады.
Сондай ақ тұрғылықты жері бойынша тіркеуден шығарылған және бұрын сайлаушылар тізіміне енгізілмеген азаматтардың сайлау құқығын іске асыру мақсатында сайлау күні сайлау учаскесінің мекенжайы бойынша үй-жайда уақытша тіркеуге жол беріледі. Мұндай мүмкіндік республика бойынша 188 учаскеде ұсынылған.
Отырыста Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов бақылау және азаматтарды бірнеше рет тіркеуге жол бермеу тетіктерін қоса алғанда, сервистердің жұмысы туралы толығырақ айтып берді.
Нұрлан Әбдіров түпнұсқаның аналогы болып табылатын цифрлық құжаттар азаматтар арасында үлкен сұранысқа ие бола бастағанын атап өтті. Дауыс беру күні азаматтар eGov mobile қосымшасы, сондай-ақ танымал банктердің мобильді қосымшалары арқылы цифрлық құжаттарды ұсына алады.
Ағымдағы сайлау науқанын өткізуге дайындық барысында учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері құжаттардың дұрыстығын тексеру бойынша қосымша оқытудан өтті.
Азаматтарды электрондық құжаттарды пайдалану мүмкіндігі туралы ақпараттандыру мақсатында Орталық сайлау комиссиясы екі бейнеролик (қазақ және орыс тілдерінде) дайындады, олар отырыс барысында көрсетілді, сондай-ақ республикалық және өңірлік телеарналардың эфирлерінде көрсетілетін болады.
Айта кетейік, Ортсайлауком арнайы сайлау науқанының 11 тақырыбы бойынша екі тілде бейнероликтар дайындады, оның ішінде сайлаушылар тізіміне азаматтарды қосу және тексеру, есептен шығару куәліктері, сайлау учаскелерінің үй-жайларынан тыс дауыс беру, шетелде дауыс беру және т. б.
Күн тәртібінің
төртінші мәселесіне көше отырып, ОСК Төрағасы Ортсайлауком мүшелері сайлау инфрақұрылымының дайындығын, сайлауды ұйымдастырушылардың қызметін тексеретін, сайлау процесіне қатысушыларға қажетті әдістемелік және практикалық көмек көрсететін өңірлерге сапарларын жалғастыратынын (бүгінгі күні 14 өңірге барды) хабарлады.
Сонымен қатар сайлау туралы Конституциялық заңның нормаларына, сондай-ақ Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарларына сәйкес аумақтық, учаскелік сайлау комиссиялары бірқатар қажетті іс-шаралар өткізіледі.
2023 жылғы 9 наурызға дейін тиісті аумақтық сайлау комиссияларының жекелеген сайлау учаскелерінде дауыс берудің басталуы мен аяқталуының өзге уақытын белгілеу туралы шешімдері сайлаушыларға жеткізілетін болады.
Отырысты қорытындылай келе, Нұрлан Әбдіров бүгінгі отырыс Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өтіп жатқанын атап өтті. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Ортсайлауком басшысы барлық әйелдерді осы тамаша көктем мерекесімен ыстық ықылыспен құттықтады.
Отырыстан кейін БАҚ өкілдері үшін дәстүрлі брифинг өткізілді, оның барысында ОСК мүшелері журналистердің барлық сұрақтарына жауап берді.
Дереккөз:
election.gov.kz