ҚР ОСК Ақтөбе және Қостанай облыстарында көшпелі семинар-кеңестер ұйымдастырды


3-4 және 6 наурызда Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Константин Петров пен Сәбила Мұстафина инспекциялық сапарлармен Ақтөбе және Қостанай облыстарына барды. Сапар шеңберінде 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу мәселелері бойынша көшпелі семинар-кеңестер өткізілді.

Іс-шараларға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, облыстық прокуратуралардың қызметкерлері, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, кандидаттардың сайлауалды штабтарының өкілдері, халықаралық байқаушылар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Орталық сайлау комиссиясының мүшелері сайлау заңнамасының барлық жаңалықтарын және сайлау алдындағы үгітті қаржыландыру мәселелерін түсіндірді, сондай-ақ 29 бірмандаттық округ бойынша ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды тіркеу бойынша қорытындыларды жеткізді.

Ақтөбе облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары Дәулетияр Тоғызбаев облыста сайлаушылардың толық өзекті тізімдерін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілгенін баяндады. Облыс бойынша сайлаушылар саны 562 590 сайлаушыны құрайды.

Сайлау науқанын өткізу барысы туралы өңір тұрғындарын толыққанды ақпараттандыру үшін 14 Call-орталық жұмыс істейді, сайлаушылар тізімінде өзін тексеру үшін телеграмм-бот іске қосылды. Сондай-ақ Ақтөбе қаласы бойынша тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарды тіркеу үшін 5 онлайн-сервис жұмыс істейді. Сайлау күні азаматтарды тіркеу орнын нақтылау үшін 208 онлайн-сервис жұмыс істейтін болады.

Кандидаттардың үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін 331 орын (стенд) және кандидаттардың сайлаушылармен кездесуі үшін 210 үй-жай айқындалды. Облыс бойынша 371 ақпараттық баннер орналастырылды.

Облыста барлығы 525 сайлау учаскескелері бар. Олардың барлығы материалдық-техникалық жағынан толық жабдықталған.
Ол сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау учаскелерінде қажетті жағдайлар жасау мақсатында қажетті жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Бүгінгі таңда облыста сайлау құқығы бар 1826 мүмкіндігі шектеулі адам, оның ішінде есту қабілеті бұзылған - 551, көру қабілеті бұзылған – 519, кресло-арбаларды пайдаланатын - 756 адам бар.
Қазіргі уақытта 481 учаске пандустармен қамтамасыз етілген, 44 учаскеде кіреберіс есіктері табалдырықсыз. Сондай-ақ 446 сайлау учаскесінде кіреберісте тактильді көрсеткіштер орнатылған.

511 сайлау учаскесінде мүгедектігі бар азаматтарға арналған бұрыштар және дауыс беруге арналған кабиналар орнатылған.
Сонымен қатар сайлау күні ым тілінің 19 маманы мен «Инватакси» 37 автокөлігінің қызметі ұйымдастырылады.

Осы тәрізді жұмыс Қостанай облысында да жүргізілуде. Облыс әкімі аппаратының басшысы Мұрат Сәндібаев атқарылған жұмыстар туралы есеп барысында облыс бойынша сайлаушылар тізіміне 554 655 сайлаушы енгізілгенін хабарлады.

Өңірде азаматтарды ақпараттандыруды арттыруға ерекше назар аударылды. Сайлау тағайындалған сәттен бастап барлық қалалар мен аудандарда Call-орталықтар жұмыс істейді. Облыс деңгейінде «1315» қысқа нөмірі бар Call-орталық ұйымдастырылып, 1 наурыздан бастап тәулік бойы жұмыс режиміне ауыстырылды.
Сонымен қатар әкімдіктердің барлық сайттарында сайлау учаскесін іздеу бойынша онлайн-сервистер іске қосылды. Сондай-ақ өз сайлау учаскесін іздеу үшін телеграмм-бот іске қосылды.

Бұл қызметтерге сайлаушыларға ыңғайлы болу үшін сайлау округтері туралы, сондай-ақ сайлау округтері бойынша кандидаттар туралы мәліметтерді қамтиды.

Мүгедектігі бар адамдар үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз ету жөніндегі жұмысқа ерекше назар аударылды. Облыста мүгедектігі бар барлығы 1736 сайлаушы, оның ішінде көру қабілеті толық жоғалғандар - 496, есту және сөйлеу қабілеті толық жоғалғандар - 370, кресло-арбаларды пайдаланушылар - 870. Барлық учаскелер олардың дауыс беруі үшін жағдайлармен қамтамасыз етілген: тактильді көрсеткіштер көзделген, дауыс беруге арналған кабиналар, мүгедектігі бар азаматтарға арналған бұрыштар жабдықталған, онда мүгедектігі бар азаматтарға бейімделген форматта сайлау туралы материалдары бар компьютер орнатылған, құлаққаптар, лупа, Брайль шрифтімен орындалған сайлау туралы ақпараты бар арнайы папка бар.

Сайлау өтетін күні ым тілінің 19 маманы тартылады. Әрбір сайлау учаскесінде сайлау комиссиясына өтініш берген адамдарға урналарды үйге жеткізу бойынша жұмыс ұйымдастырылатын болады.
Мүгедектігі бар адамдардың көлік инфрақұрылымына қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін облыстың төрт өңірінде (Қостанай және Рудный қалалары, Қостанай және Бейімбет Майлин аудандары) «Инватакси» қызметі жұмыс істейді.

Өңірлердегі семинар-кеңестер барысында облыстық прокуратуралардың өкілдері сөз сөйлеп, ағымдағы сайлау науқанының барлық кезеңдерінде заңдылықтың сақталуын қадағалауды қамтамасыз ету туралы хабардар етті.
Семинар-кеңестердің екінші бөлімінде аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері үшін нақты кейстер негізінде іскерлік ойын түрінде тренингтер өткізілді.

Ұйымдастырылған ойын барысында сайлау комиссияларының мүшелері дауыс берудің барлық барысын қамтитын учаскелерде дауыс беру процесін көрсетті. Олар учаскелік сайлау комиссияларының дауыс беру күні қалай жұмыс істейтінін, соның ішінде учаскелерді ашу, бюллетеньдер беру, дауыс беруді ұйымдастыру, байқаушыларды тіркеу, есептен шығару куәліктері бойынша дауыс беру, дауыстарды санау және учаскелер бойынша нәтижелер шығару процесін көрсетті.

Семинар-кеңес соңында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерін қызықтыратын барлық сұрақтарға жауап берді.


Дереккөз: election.gov.kz
OUR COMPANY
Bring Your Ideas to Life
Everything that you dreamed of can be brought to life exactly at the moment when you decide to win.